1- ші сыныпқа қабылдау талабы
Биыл бірінші сыныпқа құжат өткізу мерзімінде айтарлықтай өзгеріс бар. Оқу-ағарту министрлігінің келісімі бойынша Алматы облысында өтінімдерді қабылдау 18 маусымнан басталып, тамыздың соңына дейін жалғасады. Биыл облыс бойынша 35 мыңға жуық бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды деп болжануда. Құжаттарды «электрондық үкімет» порталы арқылы немесе мектепке барып, қағаз түрінде өткізуге болады. Қажетті құжаттар тізімінде: баланың туу туралы куәлігі, денсаулық паспорты, фотосурет және ата-ананың өтініші бар. Мамандардың айтуынша, егер бала мектепалды даярлықтан өз мектебінде өтсе, оның деректері жүйеде автоматты түрде сақталады. Ал басқа білім ордасын таңдаған жағдайда, құжаттар жалпы тәртіппен тапсырылуы тиіс. Қазіргі таңда қабылдау науқанын сапалы ұйымдастыру үшін дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр.
АҚМАРАЛ АТЕНБЕКОВА
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«...Мектепке қабылдау электронды және қағаз жүзінде іске асырылады. Ата-аналар өздері үйде отырып-ақ электронды түрде өздерінің өтініштерін бере алады. Сонымен қатар, айта кететін ерекше бір жәйт, әр мектепте өзінің мектепалды даярлық тобында отырған балаларды өз мектебінде, яғни автоматты түрде, ата-ананың өтініші негізінде өзінің мектебіне, 1-сыныпқа қабылданатын болады»