Еңбекшіқазақ ауданы, Қайназар ауылындағы бір көше лай-батпаққа айналды

Еңбекшіқазақ ауданы, Қайназар ауылындағы бір көше лай-батпаққа айналды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мұндай жағдай ауызсу құбырын тарту жұмыстары басталғаннан кейін орын алған. Мердігер ұйым инженерлік желіні жүргізу барысында жолды қазып, арық жүйесін уақытша жауып тастаған.

Бұл — Қайназар ауылындағы су басқан Береке көшесі. Ағын су көшеге жайылып, көлік қозғалысын қиындатып, тұрғындарға қолайсыздық туғызған. Тұрғындардың айтуынша, резервуарға қосу жұмыстары халыққа алдын ала ескертілмей жүргізілген. Олар ауылда табиғи су көзі жеткілікті болғандықтан, қосымша су жүйесіне қажеттілік жоқ деп есептейді.


Ал жергілікті әкімдік өкілдерінің айтуынша, су құбырларының тозығы жеткен, сондықтан оларды жаңарту жұмыстары былтырдан бері жоспарға енгізілген. Сондай-ақ алдағы уақытта Қайназар ауылында ауызсумен қамтамасыз етудің екі көзі қарастырылатын болады.

Қазіргі уақытта инженерлік желілерді тарту жұмыстары жалғасуда. Жауаптылардың хабарлауынша, құрылыс-монтаж жұмыстары ағымдағы жылдың соңына дейін толық аяқталады.

Сондай-ақ оқыңыз: