Басты талап тазалық
Қапшағайда шомылу маусымының ашылуына санаулы уақыт қалды. Алайда, жағалаудағы 200-ден астам демалыс орны жазғы маусымға әлі дайын емес. Осыған орай, облыс әкімінің орынбасары Қанат Есболатов демалыс аймақтарының иелерімен жиын өткізді.
Инфрақұрылым мен санитарлық тазалықты ретке келтіру керек. Таза су, заманауи душ кабиналары мен санитарлық тораптардың жай-күйі жіті бақылауда болады. Талапқа бағынбаған кәсіпкерлерге демалушыларды қабылдауға рұқсат берілмейді. Қауіпсіздік мәселесі де басты назарда.Технологиялық жаңашылдық та жоқ емес, әр нысанға бейнекамералар орнатылып, олар полицияның орталықтандырылған жүйесіне қосылады. Қанат Есболатов кәсіпкерлерге дайындықты тездетуді қатаң тапсырды. Мақсат - Қапшағайды қауіпсіз әрі өркениетті демалыс аймағына айналдыру.
АДАМ БОЙСАЕВ
ЖЕКЕ КӘСІПКЕР
«Қазіргі әлемдік жағдайға байланысты биыл ішкі туризмге сұраныс жоғары болады деп күтілуде. Тиісінше, біз де келетін қонақтардың саны көп болатынын болжап, дайындық жұмыстарын қызу жүргізіп жатырмыз. Бүгінгі жиын біз үшін өте маңызды болды, өйткені қауіпсіздік пен санитарлық талаптар бойынша барлық сауалдарымызға нақты жауап алдық. Ендігі мақсат жаңа маусымды жоғары деңгейде қарсы алу.