Алма өндірісі

Талғар ауданында алма бағы қарқынды дамып келеді. Соңғы жылдары Еңбекші   ауылындағы шаруашылық аумағы кеңейіп, жаңа технологиялар енгізілген. Ал жиналған өнім ішкі нарыққа жеткізіліп, бір бөлігі экспортқа шығарылады. Толығырақ әріптесім Аружан Мұратқызы  баяндасын.


АРУЖАН МҰРАТҚЫЗЫ
ТІЛШІ
«Қарқынды бау-бақша шаруашылығының басты ерекшелігі уақытты үнемдеу. Мәселен, Талғар ауданындағы бұл бақта алма ағаштары екі-үш жылда өнім бере бастайды. Қазір мұнда 100 гектардан астам аумақ игерілген»

Алма бағы 2016 жылдан бастап қалыптасқан. Алғашқы кезеңде 30 гектар жер игерілсе, кейін аумағы біртіндеп кеңейе түсті. Бүгінде мұнда нарық сұранысына сай «Голден Делишес», «Ред Делишес», «Гала» және «Фуджи» секілді негізгі төрт сортқа басымдық берілген. Орта есеппен әр гектардан 40–55 тоннаға дейін өнім жиналады.

ЕВГЕНИЙ ҚАМБАРОВ
«БАЙМЕНЕ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ
 «Бақ тамшылатып суару жүйесімен жабдықталған. Бұл суды үнемдеп, әр ағашқа ылғалды дәл мөлшермен жеткізуге мүмкіндік береді. Қазір «Голден Делишес» сорты толық гүлдеп тұр. Мамандар тұрақты күтім жасап, өңдеу жұмыстарын жүргізіп, кейін өнім жинауға кіріседі. Ағаш көшеттері негізінен Голландия мен Италиядан әкелінеді»

Өткен жылы шаруашылықта 1500 тонна алма өндірілсе, биыл бұл көрсеткішті 2000 тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Жиналған өнім алдымен сақтау қоймасына жіберіледі. Кейін ішкі нарыққа сатылып, бір бөлігі Ресейге экспортталады. Өнімнің сапалы әрі мол шығуы үшін барлық агротехникалық жұмыстар үнемі бақылауда жүргізіледі.

ГЕОРГИЙ ЧЕРНЫШОВ
«БАЙМЕНЕ» ЖШС АГРОНОМЫ
«Шаруашылықта тұрақты бақылау жүйесі бар. Арнайы станция ауру немесе зиянкестердің пайда болуын алдын ала ескертіп отырады. Сондай-ақ феромонды тұзақтар орнатылып, зиянкестердің көбеюі дер кезінде анықталады»

Жоба тек өнім өсірумен шектелмейді. Мұнда толық өндірістік цикл қалыптасқан. Қазір аумағы 1600 шаршы метр болатын жаңа өндірістік кешен салынып жатыр. Онда шырын, пюре, джем, смузи және балалар тағамын шығару жоспарланған. Жоба жыл соңына дейін іске қосылады деп күтілуде. 

Сондай-ақ оқыңыз: