Әйелдер көшбасшылығына жол ашқан бастама: «Tomiris» жобасының жетістігі

«AMANAT» партиясының «Tomiris» жобасы бүгінде белсенді әрі бастамашыл әйелдердің көшбасшылық әлеуетін арттырып, нақты нәтижесін көрсетіп отыр. Жоба аясында оқудан өткен қатысушылар түрлі салада белсенді қызмет етіп, кәсіби тұрғыда да, қоғамдық өмірде де өз орнын айқындауда.

Бұл бастама – партияның қоғамдағы әйелдердің рөлін күшейтуге, олардың басқару процесіне қатысуын арттыруға және кәсіби мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған жүйелі жұмысының бір бөлігі. Соның нәтижесінде жоба қатысушылары білім алып қана қоймай, оны нақты тәжірибеде қолдану мүмкіндігіне ие болып отыр.

Жоба аясында қатысушылар тәжірибелі менторлармен жұмыс істеп, стратегиялық ойлау, шешім қабылдау, көпшілік алдында сөз сөйлеу, келіссөз жүргізу секілді маңызды дағдыларды меңгереді. Сонымен қатар кәсіби нетворкинг қалыптастырып, өзара тәжірибе алмасу арқылы жаңа бастамаларды іске асыруға негіз қалайды.

Мәселен, «ITeachMe» қоғамдық қорының төрағасы Захира Беғалиеваның айтуынша, жоба барысында алған білімі мен тәжірибесі оның кәсіби дамуына тың серпін беріп, жаңа бастамаларды жүзеге асыруына және қоғамдық қызметінің аясын кеңейтуге ықпал еткен.

«Бұл жоба маған тек білім берген жоқ, нақты құралдар ұсынды. Бүгінде мен сол дағдыларды өз жұмысымда тиімді пайдаланып, әлеуметтік бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асыруға мүмкіндік алдым. Сондай-ақ жоба арқылы стратегиялық тұрғыда ойлауды, ұзақмерзімді нәтижеге бағытталған шешімдер қабылдауды үйрендім. Қалыптасқан дағдылар күнделікті жұмысымда ғана емес, жаңа әлеуметтік жобаларды іске қосуда да нақты нәтиже беріп отыр» – деді ол.

Қоғам белсендісінің айтуынша,  ол жоба туралы ақпаратты әлеуметтік желі арқылы білген.

«Бірнеше кезеңнен тұратын іріктеуден өтіп, көшбасшылық дағдыларды дамытуға және қоғамдық-саяси қызмет негіздерін меңгеруге бағытталған білім беру бағдарламасына қатысу мүмкіндігіне ие болдым. Оқу барысында тәжірибелі сарапшылар мен менторлардың қолдауы ерекше маңызды болды. Практикалық кейстер мен нақты тапсырмалар арқылы біз тек теориялық білім алып қоймай, оны нақты өмірлік жағдайларда қолдануды үйрендік» – деді ол.

Бүгінде Захира Беғалиева Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің кеңесшісі қызметін атқарады. Ол өз жұмысында жоба барысында алған білім мен дағдыларды тиімді қолданып, әлеуметтік саладағы бастамаларды жүйелі түрде ілгерілетуге үлес қосып келеді.

Соның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау, инклюзивті орта қалыптастыру және мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыру бағытында нақты ұсыныстар әзірлеуге қатысып, бастамаларды іске асыруға белсенді үлес қосуда. Сонымен қатар ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуге және қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған жұмыстарға да атсалысып келеді.

Жалпы «AMANAT» партиясының бұл бастамасы әйелдердің әлеуетін ашуға, олардың қоғамдық-саяси процестерге белсенді қатысуына жағдай жасауға және елдің орнықты дамуына үлес қосатын жаңа көшбасшыларды қалыптастыруға негіз болып отыр. Бүгінде жобаға қатысқан әйелдер түрлі салада табысты еңбек етіп, қоғам дамуына өз үлесін қосуда.

Сондай-ақ оқыңыз: