Экопарк ашылды
Іле өзенінің жағасындағы «Көшпенділер қалашығында» жаңа экопарк ашылды. Бұл жоба «Таза Қазақстан» акциясы аясында жүзеге асып, өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға арналған маңызды бастама болды. Көгалдандыру жұмыстарына тілшіміз Аружан Мұратқызы да қатысып қайтты.
Қонаевтағы «Көшпенділер қалашығы» биылғы көгалдандыру жұмыстарының негізгі алаңдарының біріне айналды. Бұл жолғы экологиялық шараға 300-ге жуық адам ниет білдіріп, белсене қатысты. Олардың қатарында жергілікті тұрғындар, жастар және түрлі қоғамдық бірлестік өкілдері бар.
ТӨЛЕГЕН КЕНЖЕБЕКОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ІШКІ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«Біз облыста әр аула, әр ауылда, әр елдің маңын жинауды бізге өзімізге мақсат етіп отырмыз. Алматы облысында 132 ауыл бар. Олардың тізімі бізбен жасақталып, әр ауылдың көшелерінің санын алып отырмыз. Енді кезең-кезеңімен осы жұмысты жүргізетін боламыз»
Акцияда 500 түп қараағаш көшеті отырғызылды. Қарағаш - шөлейтке төзімдә әрі топырақ сапасын жақсартатын қасиетке ие. Болашақта экопарктің аумағы 4 гектарға дейін кеңейтілмек. Мұнда 3000-ға жуық ағаш отырғызу, жаяу және велосипед жолдарын салу жоспарланып отыр.
ҚОЖЕНЕПЕС СЕЙТЕКҰЛЫ
ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
«Таза Қазақстан акциясының аясында жасалып жатқан мына шара өте қажетті және игі шара деп есептейміз. Өйткені бұл қоршаған ортаны, табиғатты сақтау бұл ислам дінінің міндеттері болып табылады. Өйткені тазалық иманның жартысы дейді ғой. Сондықтан осы ортаны таза сақтау, көгалдандыру өте маңызды шар»
«Көшпенділер қалашығы» қаланың ең көрікті орындарының біріне айналып келеді. Іле өзенінің жағасы отбасылық демалысқа таптырмас, жанға сая жер. Мұнда фудкорттар, медициналық және полиция бекеттері пайда болады.