Инфрақұрылымды дамыту мәселесі қаралды
Алматы облысында тұрғын үйлер ренновациядан өтіп, орман қоры жаңа техникамен толығады. Бұл жөнінде облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында айтылды. Жиында Қонаев қаласының бас жоспарына өзгеріс енгізіп, цифрландыру саласы мамандарының еңбекақысын ынталандыру мәселесі талқыланды.
Сессияның күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – облыс орталығының бас жоспарын жетілдіру. Соңғы жылдары Қонаев қаласында халық саны айтарлықтай артқан. Бұл инженерлік инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандарға түсетін жүктемені күшейтіп отыр. Мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев қаланың жаңа мәртебесіне сай жүйелі жұмыс жүргізудің маңыздылығын атап өтті.
ҚУАТ БАЙҒОЖАЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ
«Қонаев қаласы бұрынғы қала орталығы болған, қазір облыс орталығы. 2022 жылдан бері біз қазір статистикаға сүйенсек 45 мың халықтан қазір 72 мың халыққа екі еселеніп келе жатырмыз. Қазір мына су жүйесін, канализация жүйесін жасап жатудың мәселесі сол. Сондықтан, қаламыздың әлеуметтік тұрмыстық жағдайы жақсы болады»
Қаланың келбетін жақсартумен қатар, экологиялық қауіпсіздік те назардан тыс қалмады. Бүгінде облыстың орман қоры 2,2 млн гектарды құрайды. Өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық мақсатында жергілікті бюджеттен 912 млн теңге бөлініп, материалдық-техникалық база жаңартылуда.
АЙНҰР МЕЙІРХАНОВА
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТТЫ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Орман қорғау жүйесінде бізде 13 өрт сөндіру станциясы жұмыс істейді. Ол жерде штат бойынша 73 өрт сөндірушілер қызмет етеді. Жалпы алғанда материалдық база бізде 88 пайызға қамтылған. Биылғы жылы біз жергілікті бюджеттен 912 млн қаражат бөлініп, 26 бірлік техника алдық . Оның ішінде 11 трактор және кіші өрт сөндіру кешені 8 бірлік болады. Жалпы, биылғы жылға жоспар бойынша 277 гектар жерге ағаш егу жұмыстары жоспарланған»
Тұрғын үй мәселесі де өзекті. Облыста ескі және апатты үйлердің орнына заманауи нысандар салуды көздейтін реновация бағдарламасы бекітілді. Бұл жоба қала мен аудан орталықтарының сәулеттік келбетін жаңартады дейді мамандар.
ЖАНҒАЗЫ ЖАҢАБАЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ ЖӘНЕ АБАТТАНДЫРУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
«2025 жылы Қонаев қаласында үш үйдің пәтер иелері көшірілді. Бұл жұмысты әрі қарай жандандыру мақсатында осы бағдарлама бекітілуде. Бұл дегеніміз біздің ескі үйлерді бұзып, оның орнына жаңа ғимараттар салу. Бұл дегеніміз, Алматы облысындағы қалаларға ерекше көрік береді, қаламызды әрі қарай дамытуға, жаңғыртуға үлкен мүмкіндік береді»
Сондай-ақ, депуттар цифрландыруға үлес қосып жүрген мамандардың еңбекақысын ынталандыруды мақұлдады. Мысалы, мемлекеттік мекемеде қызмет істейтін ақпараттық-байланыс саласындағы инженер-техниктердің жалақасы енді 50 пайызға артады.