Өңірлік экологиялық саммит

Астанада өтіп жатқан экологиялық саммиттің екінші күні Орталық Азия елдерінің көшбасшылары Арал теңізінің тағдырын жан-жақты талқылады. Жиында аймақ үшін аса өзекті мәселе – су тапшылығы мен экожүйенің бұзылуы кеңінен көтерілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар маңызды бастамаларды ұсынды. Тақырыпты әріптесім Дастан маратұлы толықтырады. 


ДАСТАН МАРАТҰЛЫ
ТІЛШІ
«Саммиттің екінші күніндегі басты назар Арал теңізіне ауды. Бүгінде Арал табанынан ұшқан тұзды шаң Памир мен Тянь-Шань мұздықтарына дейін жетіп, олардың еріп кету қаупін тудыруда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңір елдерін суды үнемдеудің жаңа тетіктеріне көшуге шақырып, 26-наурызды Халықаралық Арал күні деп жариялауды ұсынды.

ҚАСЫМ ЖОМАРТ ТОҚАЕВ 
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
.. Аймақтың тағдыры тек қана өз қолымызда. Сенімді диалог пен елдер арасындағы  ынтымаққа тікелей байланысты. Бүгінгі саммит Халықаралық Аралды құтқару қорының қызметіне тың серпін беріп, халық  игілігі жолындағы өңірлік қарым-қатынса пен бірлесіп атқарылар істің жаңа кезеңіне айналады деп сенемін.

Екі күннің қорытындысы ретінде, мемлекет басшылары Астана мәлімдемесіне және Аралды құтқару қорын дамыту туралы маңызды құжаттарға қол қойды. Одан өзге экспо павильонында жаһандық экология тақырыбындағы көрме де жалғасуда. Біздің өңірден келген компания ескі шиналарды терең өңдеу технологиясын таныстырды. Күніне 100 тоннаға жуық резеңке қалдықты өңдеп, одан жол мен құрылысқа қажетті тауар өндіреді. Бұл тонналаған химиялық қалдықтың далаға тасталмай, кәдеге жарауының кепілі. Павильондағы тағы бір ерекше жоба тропикалық шыбындар арқылы тамақ қалдығын жою. Кәсіпорын Алматы қаласы мен облыс аумағынан тамақ қалдықтарын жинап, шыбындарға азық етеді. Кейін олардың құртынан үй жануарларына арналған азық дайындалады. Айта кетейік, бұл Қазақстан бойынша аталған технологияны қолданатын жалғыз компания.

БЕКЕЖАН ҚАЙЫРҒАЛИЕВ
 «ФУДВЕЙСТ» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
«Тамақ қалдықтары деген ол өте зиян ғой. Полигонға кеткенде ол метан дейтін газы бар, метан легко воспламеняющий газ дейді. Вот сол үшін біздер недопущение выбросов метана орысша дегенде соны біздер тамақ қалдықтарын жинап Алматы облысында бүкіл компаниялардан, өзімізге алып келіп жүрміз. Ары жағында құрттар уже өзі жеп қояды. 

Жалпы, бүгіннің өзінде павильондағы экспозицияларды 5000-нан астам адам тамашалады. Көрме аясында барлығы 240-тан астам жоба таныстырылды. Бұл тек жетістіктерді көрсету емес, нақты келісімшарттар жасалатын іскерлік алаңға айналды. Мамандардың пікірінше, мұндай бастамалар Орталық Азия аймағының экологиялық және экономикалық дамуына үлкен серпін бермек.

Сондай-ақ оқыңыз: