Еңбекші ауылының оқушылары үшін биология сабағы ерекше форматта өткізіледі
Еңбекші ауылының оқушылары үшін биология сабағы ерекше форматта өткізіледі. Сабақ әдеттегідей сыныпта емес, таза ауада, табиғат аясында жиі ұйымдастырылады. Оқушылар кітап пен дәптердің орнына күрек пен кетпен алып тәлім баққа барады.
Оқушылар экологиялық мәдениетті мектеп қабырғасынан бастап үйреніп жатыр. Көшет еккен жастар қарағай отырғызуды үйреніп, қоршаған ортаны күтіп баптаудың маңызын көзбен көрді. Ерекше сабаққа қатысқандар табиғатты қорғау дағдыларын қалыптастырып қана қоймай, табиғат аясында серуендеді.
ИРАДА АЛИМОВА
ОҚУШЫ
«Мен жер үйде тұратындықтан ата-анама бақшаны күтіп баптауда жиі көмектесемін. Бізге осындай жұмыстар ұнайды және өте қызықты. Уақытты телефонға телмірумен өткізгенше , еңбекке арнаған әлдеқайда пайдалы деп білемін»
Мектеп оқушылары ай сайын дендропаркке келіп, түрлі зертханалық жұмыстарға қатыса алады. Бұл мектеп пен саябақ арасындағы бірлескен жұмыстың нәтижесі.
ЗИНА МАМЕДОВА
БИОЛОГИЯ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ
«Оқушылармен айына бірнеше рет осында келіп, зертханалық жұмыстар өткіземіз. Өткен жолы мамыр гүлдің бұтасын қайта егумен айналыстық. Балалар қатты қызығушылық танытып, ерекше әсер алды».
Жалпы аумағы 360 гектарды құрайтын тәлімбақ – сирек кездесетін өсімдіктер шоғырланған орын. Мұнда әлемнің әр түкпірінен әкелінген 1500-ден астам ағаш пен бұта түрі өсіріледі. Мысалы, қарағай түрінінің тұқымы осы жерде өсіп тұрған ағаштардан жиналады екен.
АЙБЕК ҚОЖАБЕКОВ
«ЕСІК МЕМЛЕКЕТТІК ДЕНДРОЛОГИЯЛЫҚ САЯБАҒЫ» ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Кәдімгі қарағайды бүгін егеміз. Суару күтіп баптау жұмыстары 3 жыл жалғасады. 3 жылдан кейін қарағайды реализация қоямыз. Қарағай капризный емес бізде. Өзіміздің жергілікті осы жердің тұқымынан алынған дендропарктен.»
Биыл бұл бақтың құрылғанына 67 жыл. Қазіргі таңда дендропарк аумағын дамыту жоспарланып отыр. Алдағы уақытта мұнда келушілерге арналған арнайы визит-орталық ашылуы мүмкін.