Әкім сапары

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жұмыс сапарымен Іле және Талғар аудандарында болды. Өңір басшысы алдымен Іле ауданындағы «Сөз құндылығы - цифрлық дәуірде» атты ауқымды жобаның қорытынды шарасына қатысты.

Бұл жиын тіл мәдениетін цифрлық технологиялармен ұштастыруды мақсат етеді. Сондай-ақ, әкім мектеп оқушыларымен бірге ағаш отырғызып, Талғардағы әскери лицей кадеттерін мерекемен құттықтады.

Өтеген батыр ауылындағы №24 лицей оқушылары бүгін өздерінің экологиялық жобаларын таныстырып, «Болашақты бірге отырғызайық» шарасын бастады. Марат Сұлтанғазиев мектеп ұжымымен бірге Шренк шыршасы мен Сиверс алмасының тұқымын отырғызды. Бұл бастама өңірдегі 439 мектепте бір мезетте онлайн форматта қолдау тапты. 

НҮРИЯ ҚЫСТАУБАЕВА
МҰҒАЛІМ
«Біз осыдан бірнеше жыл бұрын шырша, қарағай, балқарағай, арша, туя ағаштарын отырғызған болатынбыз.  Тұқымдарымыз өсіп, жетіліп ағаш өсті. Және де ол ағаштарымызды оқушыларымыз өздері қызығып, суларын құйып, түптерін қопсытып, далада бұл ағаштарды өсіріп баптап жатырмыз» 

Нұрғиса Тілендиев атындағы мәдениет үйінде «Сөз құндылығы-цифрлық дәуірде» атты ауқымды көрме ұйымдастырылды. Мұнда жасанды интеллект арқылы тіл үйрену әдістері мен 3D принтерден шыққан қазақша терминдер таныстырылды. Әкім өз сөзінде әлеуметтік желі мен жасанды интеллект дәуірінде ана тілінің сауаттылығы мен нақтылығына деген жауапкершілік арта түсетінін атап өтті.

МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
«Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы тіл мәдениетіне жаңа талаптар қойып отыр. Әлеуметтік желілер, онлайн платформалар, жасанды интеллект жүйелері тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, сонымен қатар оның сапасына, нақтылығына және сауаттылығына деген жауапкершілікті күшейтуде. Осындай жағдайда сөздің құндылығын сақтау – тек тіл мамандарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті деп білемін»

Салтанатты шара аясында өңірдегі тіл саясатын іске асыруға атсалысқан 15 азамат арнайы номинациялармен марапатталды. Сонымен қатар, аталған жобаны жоғары деңгейде өткізген бес ауданға 300 мың теңгенің сертификаттары табысталды.

РАШИДАМ УШУРОВА 
«ҰЙҒЫР» ЭТНО-МӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ 
«Тіл деген ол бүкіл елдің өзінің құндылық заты болады. Енді біздің қазақ тіліміз кішкентай кезімізден, қазақтың арасында өскеннен кейін қазақша сөйледік. Іс-шара жоғары деңгейде өтті деп ойлаймын. Неге десең, мұндай марапатқа жеткенде бар, жетпегенде бар. Біздің еңбегімізді бағалап, осындай жоғары деңгейде көтеріп, құттықтағанына көп рахмет айтамыз»

Сондай-ақ, Талғар ауданындағы «Арыстан» мамандандырылған лицейінде  Отан қорғаушылар күніне орай салтанатты шара өтті. Лицей кадеттерінің шеруін тамашалаған өңір басшысы болашақ офицерлерді мерекемен құттықтап, оқуда озат оқушыларды марапаттады. 

АБАЙ БАЙНАЗАРОВ
«АРЫСТАН» МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ЛИЦЕЙІНІҢ ОҚУШЫСЫ
«Мен бұл лицейде 9 сыныптан бастап оқып келе жатырмын. Және осы лицейде оқитыныма өте қатты қуанамын деп айтсам болады. Бұл жердің тәртібі, білім деңгейі өте жоғары. Осы 3 жыл бойы танытқан  белсенділігімнің арқасында облыс әкімінен марапатталып отырмын»

Облыс әкімінің жұмыс сапары өңірдегі экология, тіл мәдениеті және жастарға патриоттық тәрбие беру мәселелерінің жүйелі жолға қойылғанын көрсетті. Ана тілдің абыройын асқақтатып, Отанға қызмет ету -басты бағыт болып қала бермек.

Сондай-ақ оқыңыз: