ЕР - ЕЛДІҢ ҚОРҒАНЫ

Ұйғыр ауданында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған «Ерлер – жердің қорғаны, ел тұтқасы» атты салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік шараны Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасының әскери қызметкерлері ашты. Олар әскери дайындық кезіндегі жаттығу элементтерін көрсетіп, арнайы үйретілген қызметтік иттің шеберлігін көпшілік назарына ұсынды. Сонымен қатар сахнада патриоттық әндер шырқалып, жасөспірімдер Отан туралы өлеңдер оқыды.

ЖЕКЕБАЙ БАЙСАХАНОВ
РАЙЫМБЕК АУДАНДЫҚ ШЕКАРА БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ 
«Шекара қызметінің жеке құрамын Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын. Біз Райымбек, Кеген және Ұйғыр аудандары бойынша қызмет атқарамыз. Мемлекеттік шекараны күзету барысында Қырғыз Республикасы және Қытай Халық Республикасымен шекара түйіскен аумақтарды қорғаймыз.»

Салтанатты жиында Отан қорғаудың маңызы мен әскери қызметтің жауапкершілігі кеңінен айтылды. Ұйымдастырушылардың сөзінше, мұндай шаралардың басты мақсаты – жастарға патриоттық тәрбие беру және елге деген сүйіспеншілікті арттыру.


НҮРӘКІМ ЕСЖАН
ҰЙҒЫР АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ 
«Отан қорғау тек әскери қызметкерлерге ғана емес, жүрегінде еліне деген сүйіспеншілігі бар әр азаматқа тән қасиет. Сондықтан бұл мерекенің мәні мен маңызы өте жоғары.»


Мерекелік кеш концерттік бағдарламамен қорытындыланып, ел қорғаны болып жүрген азаматтарға аудан тұрғындары ризашылықтарын білдірді.

Сондай-ақ оқыңыз: