Іскер әйел әлемі

Еңбекшіқазақ ауданында мал өсіріп, бордақылап жүрген кәсіпкердің бірі - Назгүл Сыдықова. Агроөнеркәсіп саласына елеулі үлесін қосып жүрген нәзік жанды егіншілікке де бет бұрды. Агросекторда серпінді кәсіп бастаған әйелдің сыры неде? Толығырақ келесі бейнематериалда. 

Әдетте мұндай кәсіптің басында ер адамды көреміз. Назгүл Сыдықованың тынымсыз еңбегіне қарасаң бұл ұстаным өткеннің сарқыншағы екенін аңғарасың. Назгүл заңгер мамандығын тәмамдағанымен, отбасылық кәсіпті таңдады. Егін егуден бастап, мал бордақылауға дейін жұмыстың қыр-сырын меңгерген ол анасының кеңесін тыңдап, ауылда да мал табуға болатынын дәлелдеп отыр. 


НАЗГҮЛ СЫДЫҚОВА 
КӘСІПКЕР 
«Егер сендер осы бордақыға көңіл бөлсеңдер сендер содан табысқа кенелесіңдер деп қазіргі уақытта енем 85 жаста, сол кісі айтып отырады. Сол кісінің бір айтқан сөзі де түрткі болған шығар бізге. Содан жолдасым малды қатты жақсы көреді. 2018-19 жылы бір бес бастан бастадық қой деймін. Содан кейін келесі жылы 10-15 бас болды, 35 болды. Қазіргі уақытта 75-80 басқа келіп қалдық. Негізі жақсы көріп айналыссаң табыс ыжақсы ақ зат екен.»


Қазақтың ақбас тұқымды бұқашықтары бордақылауға арнайы алынған. Берекесі мол болғанымен, машақаты да көп. Алайда төгілген тер мен табанды еңбектің қайтарымы көңіл қуантады. Назгүл былтыр он үш бұқашықты сатып, жаңа көлік мінгенін айтады. Еңбектің сырын түсінген Назгүл Сыдықованың балаларының да  бұл кәсіпке икемі бар. 

НҰРӘЛІ МАДИЯРХАН 
ҰЛЫ 
«Бізде қой баққанда жетім қозы шығады. Сол жетім қозыларды мамам айтты бақ деп. Соларды бағып, қазір Аллаға шүкір 60 бастай болды. Бесінші сыныбымнан бағамын. Жылда төлден шығады. Жылда мен бағамын.»

Кәсіпкер отбасымен Таусүгір ауылында тұрады. Егістік алқабының көлемі -  53 гектар. Мұнда бұрыш өсіреді. Биыл жүгері егуді бастады. 

МӘНШҮК ӨМІРҒАЛИЕВА 
ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНДЫҚ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ 
«Аудан бойынша 10 мың шаруашылық бар. 900ге жуық заңды тұлғалар. Қалғандары майда шаруашылықтар. Енді 10 мың шаруашылықтың өтірік айтпасам, 25 пайызы әйел адамдар басшылары. Көбінесе мал шаруашылығы мен егін шаруашылығынмен айналысады.» 

Назгүл  Сыдықованы  ауданда тек табысты кәсіпкер ретінде емес, аудандық мәслихаттың белсенді депутаты ретінде де жақсы таниды. Ол туған өлкесінің дамуына қатысты сан түрлі мәселені шешуге атсалысып, өңірдің өркендеуіне үлес қосып жүр. 

Сондай-ақ оқыңыз: