Құтқару сабағы

Алматы облысында мектеп оқушыларына алғашқы көмек көрсетуді үйрететін қанатқақты жоба басталды. Облыстық әкімдік пен денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен қолға алынған бұл бастама жоғары сынып оқушыларына арналған. Мақсат - жасөспірімдерді медицина маманы болуға қызықтыру.


Қонаев қаласында бастау алған жоба аясында оқушылар алғашқы көмектің негіздерін үйреніп жатыр. Сабақтар теориядан гөрі практикаға жақын. Тәжірибелі дәрігерлер төтенше жағдайда қалай әрекет ету керектігін балаларға өз қолдарымен көрсетіп, үйретуде.

НИКИТА НЕДАВНИЙ
ОҚУШЫ
"Мұндай қиын жағдайда алғашқы көмекті қалай көрсету керек екенін, өзімді қалай ұстау керектігін жақсы түсіндім. Негізі болашақта тіс дәрігері немесе IT маманы болсам ба деп екіұдай ойда жүрген едім. Бүгінгі шара өте керемет өтті, мамандар бәрін қарапайым тілмен жақсы түсіндіріп берді"

Сабақ барысында оқушылар адам өмірін құтқарудың базалық дағдыларын меңгеріп, оны арнайы манекендерде өздері жасап көреді. Мұндай дәрістер балалардың сын сағатта тез шешім қабылдауына көмектеседі дейді ұйымдастырушылар.

РИАТ БАКРИЕВ
ҚОНАЕВ ҚАЛАЛЫҚ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНАСЫНЫҢ ЖАНСАҚТАУ ЖӘНЕ ҚАРҚЫНДЫ ТЕРАПИЯ БӨЛІМШЕСІНІҢ ДӘРІГЕРІ
"Біз балаларға адам өмірін арашалап қалуға қажетті ең маңызды әдістерді, соның ішінде жүрек-өкпе реанимациясын жасауды көрсеттік. Өйткені Қапшағай жағажайында түрлі жағдайлар жиі болып тұрады, ондайда дәрігерлер жеткенше алғашқы көмек беру өте маңызды. Шыны керек, біз мектепте оқығанда мұндай арнайы ұйымдастырылған практикалық сабақтар болған жоқ, сондықтан бұл оқушылар үшін таптырмас мүмкіндік".

 Бұл жоба алдағы уақытта облыстың өзге де мектептерінде жалғасын табады. Мамандар мұндай сабақтардың балалар үшін өмірлік маңызы зор екенін, тіпті кейбір оқушылардың болашақ мамандығын таңдауына әсер ететініне сенімді.

ЕРЖАН СҮЛЕЙМЕНОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
"Әр қиын жағдайда, жедел жағдайда қандай қызмет жасау керек, қандай көмек жасау керек соның  бастамасын неден бастау керек, қалай дұрыс жасау керек соның бәрін біз көрсетіп, осындай үлкен пилоттық жоба бастадық. Негізінде, бұндай жоба Қазақстан Республикасын алсақ Алматы облысының именно медицина саласында осындай шара пилоттық жобалар бірінші рет жүріп жатыр. Бұл шараны әрі қарай өзіміздің әріптестеріміз жылдан жылға біз өзіміз жалғастырамыз. Мұның жалғасы табылады"

Сондай-ақ оқыңыз: