Жайылымды жерден егістік алқабына
Алматы облысында жайылым алқаптары енді заманауи агротехнология енгізілген егістікке айналып келеді. Ұйғыр ауданында көктемгі дала жұмыстары қыза түскен. Ауданға тартылған инвесторлар мыңдаған гектар жерді игеріп, жаңбырлатып және тамшылатып суғару жүйелері арқылы ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге шығаруды көздеп отыр. Атқарылып жатқан жұмыстармен облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев танысып қайтты.
Қалжат ауылында «Harvest Agro» компаниясы smart-суғару жүйелері мен цифрлық агротехнологияларды пайдалана отырып, ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Аумағы 4,5 мың гектар алқапта жыл сайын 20 мың тонна жүгері мен 4500 тонна мақсары өсіру жоспарланған. Жиналған өнім алыс-жақын нарықтарға жол тартып, Орта Азия елдерімен бірге Қытай мен Иран тұтынушыларына жөнелтілмек. Қазір алқапта ұңғымалар қазылып, жаңбырлатып суғару құрылғылары орнатылуда.
МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Қуантарлық жағдай, енді жайылымды жерді игерілу басталды. Оның ішінде бағана бірінші нысан "Harvest" компаниясымен биылғы бастама. Биыл уже бағанағы фрегаттарын қойып жаңбырлатып суғару тәсілімен жерді игеруін бастады. Биылға майлы дақылдарды егу жоспарланған. Сонысы басталып кетті. Ол жерде 1200 гектар ең бастамасы ары қарай 4500 гектар игеретін болады.
Өңір басшысы танысқан келесі нысан – Әсем Қалжат серіктестігі. Кәсіпорын Ұйғыр ауданында 2500 гектар жерді игеріп, жүгерінің 12 сұрпын егіп отыр. Бүгінде мұнда 59 ұңғыма қазылып, тамшылатып суару жүйесі іске қосылған. Шаруашылықта заманауи техника мен дрондар пайдаланылып, өнімді ішкі нарықпен қатар Қытай, Иран және Өзбекстанға экспорттау жоспарланып отыр. Алдағы уақытта мұнда жүгері өңдейтін және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын үш зауыт салу көзделген. Жобаның жалпы инвестициялық құны — 23 миллион доллар.
МҰРАТ ӘУБӘКІРОВ
«ASSEM KALJAT» ЖШС ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ
Бұл жерде әр вегетационный период. 12 сорт егілді бүгінгі күнде. 118 күннен 130 күнге дейін среднеспелость дейді, орташа жаңағы вегетационный период. Көбінесе 120 күн мен 130 күндік орталықтағы, себебі табиғат, климат бәрі позволяет бұл регион жүгеріні. Бұрында мына Іленің ар жағындағы Панфилов ауданында жақсы білесіздер, Қазақстан бойынша алдыңғы шептегі аудандар ол жүгеріде. Енді сол сентябрь айына алды уже түгелдей пісіп бастайды.
Ұйғыр ауданындағы құс шаруашылығы кешенінде өндіріс ауқымы кезең-кезеңімен кеңейіп келеді. Бүгінде мұнда құрама жем зауыты, шұжық цехы мен заманауи қасапхана жұмыс істеп тұр. Қазір нысанда жаңа өндірістік алаңды іске қосу және инфрақұрылымды кеңейту жұмыстары жалғасуда. Жоба толық жүзеге асқанда өңірдегі агроөнеркәсіп саласының экспорттық әлеуетін арттырып, қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
НИКОЛАЙ КОРЛЁВ
«ПРИМА ҚҰС» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ
Қазір жобаның үшінші кезеңі жүзеге асырылып жатыр. Маусым айында жаңа өндірістік алаң іске қосылады. Сонымен қатар 12 мың тонналық элеватор салынып жатыр. Алдағы уақытта астық кептіру кешенін салып, жергілікті жүгеріні өңдеу көлемін арттыруды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ қасапхана цехының қуатын кеңейтеміз.
Сапар аясында өңір басшысы Шонжы ауылында бой көтеретін көпфункционалды кемпинг және жүк көліктеріне арналған автотұрақ жобасымен танысты. Жоба аясында мұнда жүргізушілерге арналған қонақүй, демалыс аймағы және сервистік қызмет көрсететін кешен салу көзделіп отыр. Құны 611 миллион теңгелік нысан 15 гектар аумақта іске асады. Ол «Қалжат» кеден бекеті арқылы өтетін транзиттік жүк көліктерінің қозғалысын реттеп, бір мезетте 1500 көлікке дейін қабылдауға мүмкіндік береді.