Ұлттық өнер ұлықталды

Қонаев қаласында Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты кеш өтті.

Руханият пен өнерді ұлықтаған мерекелік іс-шараға мәдениет саласының ардагерлері, өнер майталмандары, шығармашылық ұжымдар мен қала тұрғындары қатысты. Сондай-ақ, ұлтқа қызмет етіп жүрген өңір азаматтары мараппатталды.


Руханият пен өнерді ұлықтаған мерекелік кеште ұлттық мәдениеттің мәртебесі артып, сахна төрінде ән мен күй әуелеп, қазақы өнердің көркем келбеті көпшілікке паш етілді. Салтанатты жиында Мемлекет басшысының Жарлығымен бірқатар мәдениет қызметкеріне мемлекеттік наградалар табысталды. Солардың қатарында Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейінің директоры Дәулет Дәркембайұлы да «Құрмет» орденімен марапатталды. Марапат иесі бұл награданы көп жылғы еңбектің нәтижесі әрі мәдениет пен өнер саласына берілген әділ баға деп қабылдайтынын айтады.


ДӘУЛЕТ ДӘРКЕМБАЙҰЛЫ 
ҰСТА ДӘРКЕМБАЙ АТЫНДАҒЫ ҚОЛӨНЕР МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
«Енді көптеген жылдар бойы осы облысымызға, мәдениетімізге, өнерімізге қызмет жасап жүрміз. Соны енді басшыларымыз біліп, ескеріп беріп жатқанына өте қуаныштымын. Өзім бала кезден осы әкем Дәркембай Шоқпарұлының тәлім-тәрбиесін көріп, сол кісінің үйреткен қолөнерінің бәрін осы қазір өзіміз жалғастырып және де болашақ ұрпақтарымызға, балаларымызға, шәкірттерімізге үйретіп жатырмыз»

Салтанатты кеште ұлттық мұраны ұлықтап жүрген мәдениет ошақтарының еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Ұзақ жылдар бойы руханият саласында үздіксіз қызмет етіп келе жатқан Жамбыл Жабаев атындағы әдеби-мемориалды музейге жаңа автокөліктің кілті табысталды. Биыл 80 жылдық тарихына қадам басқан музей бүгінде ақын мұрасын дәріптеп, жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытында ауқымды жұмыс атқарып келеді.

САЛТАНАТ ЖАМБЫЛОВА 
ЖАМБЫЛ ЖАБАЕВ АТЫНДАҒЫ ӘДЕБИ-МЕМОРИАЛДЫ МУЗЕЙДІҢ ДИРЕКТОРЫ
«Енді сезім керемет сезім әрине. Теміртұлпар алып отырмыз. Бұның өзі біздің еліміздің, жаңағы біздің облыс басшыларының, Мәдениет басқармасының бізге деген сенімі үміт артып отырған. Енді осы сенімді ақтауға тырысамыз әрине. Әлі де халықтың игілігіне қызмет атқарып келеміз. Бұдан да ары ақтауға дайынбыз»

Бүгінде Алматы облысында мәдениет пен руханият саласына айрықша мән беріліп келеді. Өңірде ұлттық мұраны ұлықтауға бағытталған тағылымды жобалар мен ауқымды мерейтойлық шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Қазақ руханиятының алып тұлғаларына арналған халықаралық және республикалық деңгейдегі іс-шаралар өңірдегі мәдени өмірдің қарқынды дамып келе жатқанын аңғартады.

Сондай-ақ оқыңыз: