Жаңа кітапхана ашылды
Шелек ауылының орталық кітапханасы толық жаңарды. Күрделі модернизациядан кейін ғимарат қайта іске қосылды. Кітіпхана қорына өңір басшылығы мен оқырмандар жүздеген кітапты тарту етті.
Бұл жобаға бюджеттен 422 миллион теңге жұмсалған. Онда тек ғимарат қана емес, сондай ақ заманауи технологиямен толық жабдықталған. Кітапхана іші алты аймаққа бөлінген. Оқу залы, коворкинг орталығы, интернет бөлімі, балалар бөлмесі мен конференц-зал келушілерге толықтай қолжетімді. Бүгінде мұнда 4 жарым мың тұрақты оқырман тіркелген. Ал кітап қоры 88 мыңнан асады.
МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
"Мем басшысы ҚЖ Тоқаев өз сөзінде «Кітапхана мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректермен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей жай қарауға болмайды» деп атап өткен болатын. Сондықтан елімізде кітапхана саласын жаңғыртуға және дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.
Шелектегі іс шараға «ТЮРКСОЙ» ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев пен Ұлттық кітапхана директоры Ғазиза Нұрғалиева да келді. Олар осындай заманауи орталықтардың ауыл баласы үшін маңызы зор екенін айтып, өз тараптарынан құнды басылымдарды тарту етті. Ал жергілікті мектеп оқушылары жаңа форматтағы кітапхананың мүмкіндіктерін бірден байқап үлгерген.
АЙБЕК НҰРҒАЛИ
ОҚУШЫ
"Бұл жерге білімге қатты қызығатын адамдарға арналған жер деп ойлаймын. Өйткені қалаған нәрсеңнің барлығы бар десем болады тарих болсын тарих, тұлға болса тұлға. Егер адам бұл жерге өзінің ниетімен келіп, онда бұл жер сол адамға таптырмас жер десем де болады'
Жалпы, Алматы облысы бойынша бүгінде 145 кітапхана халыққа тұрақты қызмет көрсетіп тұр. Жергілікті бюджеттен жыл сайын арнайы қаржы бөлініп, бұл орталықтар отандық ақын-жазушылардың жаңа туындыларымен толығып отырады. Өңір билігі кітап оқу мәдениетін дамыту мақсатында дәл осындай заманауи білім хабтарын салу жұмысын алдағы уақытта да жалғастырмақ.