Отан оттан да ыстық

Заманауи білім мен кәсіпті қатар игерген жастардың арасында Отан алдындағы борышты бәрінен биік қоятындар аз емес. Солардың бірі – бес тілді еркін меңгерген Арафат Серғазыұлы. Бүгінде ол Жетіген гарнизонындағы Әуе қорғанысы күштеріне қарасты 53975 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін өткеріп жүр. Мектеп қабырғасынан кейін Арафат Түркияның Стамбұл қаласындағы Marmara университетіне оқуға түсіп, араб тілі мен жазуын терең меңгерген. Жас сарбаздың айтуынша, тіл үйренуге деген қызығушылық бала күнінен басталған. Бүгінде ол қазақ, түрік, араб, ағылшын және қытай тілдерін еркін сөйлейді. Оқу орнын тәмамдап, елге оралған соң кәсіпкерлікке бет бұрып, аудармашылық қызметпен айналысқан. Кейін өз кәсібін де ашып үлгерді. Отан алдындағы борышын өтеу туралы шақырту қағазын алған сәтте еш ойланбастан әскер қатарына қосылған. Оның сөзінше, әскери өмір – тәртіп пен жауапкершілікті шыңдайтын үлкен мектеп. Бүгінде білімді де көптілді жас сарбаз әскери ортада да өз қабілетімен ерекшеленіп, замандастарына үлгі болып жүр.

АРАФАТ СЕРҒАЗЫҰЛЫ
ҚАТАРДАҒЫ ЖАУЫНГЕР
Біз өз Отанымызды қорғауға тиістіміз және бұл біздің басты парызымыз. Бұл жерде басты үйрететіні тәртіп және дисциплина. Бұл біздің Отанымыз. Бұл жерде біз өмір сүргендіктен бұл жерімізді, ата-бабаларымыздың ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап кеткен жерлерін біз қорғауымыз керек. Біз батырлардың ұрпақтарымыз.

Сондай-ақ оқыңыз: