Сенім мен татулықтың мерекесі
Ақ тілек пен ақ ниеттің мейрамы - Құрбан айт басталды. Бүгін таңда Қонаевтағы орталық мешітке жиылған кісі қарасы қалың. Олар алдымен айт намазын оқыды. Артынша құрбандық шалу рәсіміне кірісті. Ал бұл сауапты амал мамырдың 29-ына дейін жалғасады.
Қонаевтың бас мешітінде ине шаншар орын жоқ. Мұнда келген тұрғындар үшін арнайы киіз үй тігіліп, ақ дастарқан жайылды. Жамағатқа ұлттық сусындар беріліп, тәттілер үлестірілді. Имамдардың айтуынша, Құрбан айт тек діни мереке емес, бұл елді ауыз бірлікке шақыратын берекелі мейрам. Осыған орай өңірде кең ауқымды қайырымдылық акциялары басталды. Ал құрбандық шалу рәсімін реттеу үшін облыс бойынша арнайы 29 алаң белгіленген.
МЕЙРАМБЕК ӘБДІРАХМАНОВ
НАИБ-ИМАМ
Бұл күн өзі адамдарды бірлікке шақырады. Енді құрбандықтың алғашқы күні, 3 күн қатарынан әр адам жағдайы, мүмкіндігі жеткен адам құрбандық шалады. Және оның етін үшке бөліп, өзінің көршісіне ағайын тумасына және бір бөлігін өзіне алу арқылы барлығына жақсылық сыйлайды.
Құрбан айттың алғашқы күні ресми түрде демалыс болып жарияланғанына биыл тура 20 жыл. Бұл жолы Қонаевтықтар айтулы мейрамды ұлттық нақышта атап өтуді жөн көрді. Бас мешіттің алаңы үлкен спорттық думанға айналды. Мұнда жиналған үлкен-кіші асық ату, ләңгі тебу, кір тасын көтеру және қол күрестен өзара сынға түсіп, мерекенің көрігін қыздырды.
ЕРСЕЙІТ АЙНАЗАРОВ
ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Ол мынау біздің өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа өте қажет, өйткені қаншама ұмытылып жатқан спорттар бар оның ішінде міне асық ойыны, ләңгі тебу деген сияқты спорт ойындар ұмытылып жатқан ойын. Сол себептен де бұл, әрине осындай шарада ол өте қажет.
АРДАҚ БЕКІШЕВ
ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
АЛЛА тағала осылай баршамызды, құрбан айттан құрбан айтқа жеткізе берсін. Бүгін міне кішкене жастарға мотивацитя болсын деп, гір көтеруге шығып жүлдлі бірінші алып отырмын, АЛЛАға шүкір.
Ізгілікке үндейтін ұлық мейрам жұрттың басын біріктіріп, берекені арттыра түсті. Бүгін мешітке жиналған жамағат алдымен жаратқаннан ел амандығы мен тыныштығын сұрап, құшақ қауыштырды. Осылайша татулықты ту еткен бұл күн әрбір шаңыраққа ерекше шаттық сыйлады.