Қонаев жағалауында шомылу маусымы ашылды

Қонаевта шомылу маусымы ашылды. Биыл қала тұрғындары мен қонақтарын жан-жақты жаңартылған, әрі қауіпсіз жағажай қарсы алмақ. Нақты айтқанда, жазғы жағалаудың инфрақұрылымы барынша жетілдіріліп, келушілерге жайлы демалыс үшін бар жағдай жасалған. Қаладағы келбеті көз тартатын жағажай жайлы тілшіміз толық айтсын.  


Бесінші жағажай аумағында үш футбол және волейбол, воркаут пен балалар ойын алаңдары сондай ақ үстел теннисі жабдықталған. Оған қоса арнайы шомылу аймақтарында көлеңкелі шатырлар, пирс, жасыл желекпен көмкерілген демалыс орындары қарастырылған. Әрі субұрқақтар жұмыс істеп тұр. Автокөлікпен келушілерге де ыңғайлы тұрақ бар. 


АСХАТ БЕРДІХАНОВ    ҚАЛА ӘКІМІ
Бізде жасайтын коммуналдық пляждар, ол осы 5-ші пляж, сосын 6-7-ші жағажай, ол қазір жасалынып жатыр. Оны 3-4 күннің арасында қолданысқа береміз. Одан бөлек, «Жібек жолы» 8-ші пляж, қазіргі таңда олар жеке кәсіпкерлер жасап жатыр, оны да 10 күннің арасында ашып, жартылай жергілікті тұрғындарына беретін болады. 


Жазғы маусымда жағажай тазалығы мен күтіміне ерекше назар аударылады. Аумақ күн сайын тазаланады. Оған 20-дан астам қызметкер тартылған. Ал қаладағы №6 және №7 жағажайларда да құрылыс жұмыстары жалғасуда. Оны да көп ұзамай қолданысқа беру жоспарланған. 

АҚЕРКЕ ЖҰМАҒАЗЫҚЫЗЫ
ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ
Қазіргі таңда бұл жерде кәріз су қоймаларын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Барлық бизнес орындары орнатылған және де визит орталығымыз орнатылған. Одан бөлек қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты бұл жерге бейне бақылау камералары орнатылатын болады. 

Жақында су түбі тазартылып, жағажай аумағы толық дайындықтан өтті. Шомылу орындары мен су көліктері қатынайтын бағыттар арнайы қалқымалы белгілермен белгіленді. Ал демалушылардың қауіпсіздігі үшін жағажайда құтқару бекеттері мен 12 бақылау мұнарасы жұмыс істейді. Келушілер қажет болған жағдайда күн сайын таңғы 09:00-ден кешкі 21:00-ге дейін медициналық қызметке де жүгіне алады.

Сондай-ақ оқыңыз: