Өтінім беру жалғасуда
Қонаевта бизнесті дамытып, еңбек адамдарын насихаттайтын дәстүрлі «Парыз» және «Еңбек жолы» республикалық конкурстарына өтінім қабылдау жүріп жатыр. Өңірлік және республикалық деңгейде өтетін «Парыз» байқауына қатысудың өз талаптары бар. Яғни, үміткердің кемінде үш жылдық қызмет өтілі болуы, несие бойынша берешегінің және ұжымдық дауларға қатысының болмауы қажет. Биыл қатысушылар «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын», «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын», «Үздік ұжымдық шарт» және «Экологияға қосқан үлесі үшін» атты төрт негізгі номинация бойынша бақ сынайды. Бұдан бөлек, халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсеткен ұйымдарға «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» арнайы сыйлығы табысталады. Ал еңбек адамдарын дәріптеу мен жастарды ынталандыру мақсатында ұйымдастырылып жатқан «Еңбек жолы» байқауына мемлекеттік қызметкерлерден басқа барлық сала мамандары қатыса алады. Қос байқауға құжат қабылдау 1-ші шілдеге дейін «enbek.kz» сайты арқылы жалғасады.
ҒАЛИМА ИСАМБЕКОВА
ҚОНАЕВ ҚАЛАЛЫҚ ОТБАСЫН ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
Қазіргі таңда Қонаев қаласында «Парыз» және “Еңбек жолы” байқауларына өтінім қабылдау басталып кетті. Қонаев қаласының кәсіпкерлері жыл сайын белсенді қатысады. Конкурсқа шағын, орта және ірі бизнес субъектілері қатыса алады. Банкроттық рәсіміндегі немесе қызметі тоқтатылған кәсіпорындар қатыса алмайды. Онлайн және оффлайн қабылдауда талаптар бірдей. «Парыз» конкурсы Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен 2008 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Оның мақсаты- әлеуметтік жауапты бизнесті қолдау және насихаттау.