Ерекше балаға ерекше қамқорлық
Іле ауданында ерекше балақайларды қолдау әлеуметтік саясаттың бір арқауы. Олардың ортаға бейімделіп, қатардан қалмай өсуі үшін жылдық жоспарда талай ауқымды шара қарастырылған. Мақсат біреу әр балаға шынайы жылулық сыйлап, қоғамның қамқорлығын сезіндіру. Бүгінде ауданда ерекше күтімді қажет ететін 1200-ге жуық жеткіншек тұрады. Олар үшін биылғы жазғы демалыс маусымы Ащыбұлақ ауылындағы «Тартуга» демалыс орнында басталды. Табиғат аясындағы думанды жиынға ауданға қарасты 9 ауылдық округтен 75 бала ата-анасымен бірге жиналды. Бүлдіршіндер үшін концерттік бағдарлама әзірленіп, аниматорлармен бірге қызықты ойындар ойнады. Балақайлар түрлі сайыстарда бақ сынап, мәре-сәре болды. Кеш соңында әрқайсысына арнайы естелік сыйлықтар үлестірілді. Осылайша бұл мереке балаларға ұмытылмас әсер сыйлап, олардың осы қоғамның ажырамас бөлшегі екенін тағы бір мәрте ұғындырғандай.
СВЕТЛАНА БАРИНОВА
АТА-АНА
Біз Боралдай кентінен арнайы келдік. Осынау керемет мерекені ұйымдастырып, балаларымызға қуаныш сыйлаған демеушілерге алғысымыз шексіз. Осындай басқосулардың арқасында балаларымыз бір серпіліп, өздерін еркін сезініп қалды. Тәтті сыйлықтар берген жомарт жандарға да, бізді осы жерге жайлы көлікпен апарып-алып қайтқан аудан әкімдігіне де ризашылығымызды білдіреміз.
РАХИМ РОЗАХУНОВ
ДЕМЕУШІ
Біз ортақ қор құрып, жиналған қаржыны осындай игі істерге жұмсауды жөн көрдік. Бұл сыйлықтарды балақайларға шын жүректен жолдадық. Ерекше бүлдіршіндеріміз өздерінің жалғыз еместігін, қоғамның назарында екенін сезінсе екен дейміз. Оларға кез келген уақытта қол ұшын созуға дайын жандардың бар екенін білгені маңызды.