Егемен елдің еңсесі
Мемлекеттік рәміздер – елдігіміз дербестігінің айғағы, тәуелсіздігіміздің айбары. Бүгін Алматы облысында Мемлекеттік рәміздер күні кең көлемде аталып өтті. Айтулы мереке өңір тұрғындары үшін Көк Тудың көк жүзінде қалықтауымен басталды. Облыстың барлық қала-аудандарында мемлекеттік Ту көтеріліп, елдік пен егемендікті ұлықтаған мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Ал негізгі салтанат Қонаев қаласының орталық алаңында өтті. «Рәміздер рухы – Конституция қуаты» атты мерекелік жиынға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев пен зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен жастар қатысты.
Орталық алаңдағы салтанатты жиын Мемлекеттік Әнұранмен ашылды. Көк аспанда қалықтай желбіреген Мемлекеттік Ту мерекенің көркін айшықтап, айтулы күнге ерекше сән берді.
МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ
ОБЛЫС ӘКІМІ
Әрине мынау біздің жаңа Конституцияны қабылдаған кезде бұл рәміздерімізге де ерекше орын берілген. 11-бабында ол айқындалған болатын. Енді әр егеменді елдің атрибуттарының ішінде осындай рәміздер бар. Біздің де Қазақстанымыздың осы рәміздер күні ерекше аталып өтетіні біздің халыққа да жақсы қабылданады.
Мереке аясында мемлекеттік наградалар табыстау рәсімі де өтті. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып жүрген түрлі сала майталмандары марапатталды. Ал жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруге бар ғұмырын арнаған төрт педагог «Құрмет» орденімен наградталды.
БАНУ АМАНОВА
ҚАРАСАЙ АУДАНЫНДАҒЫ «ШАЛҚАР» ОРТА МЕКТЕБІНІҢ МҰҒАЛІМІ
Бүгінгі мемлекеттік рәміздер күніндегі ең үлкен мәртебелі марапат Құрмет орденімен марапатталу мен үшін өте үлкен, маңызды мәңге ие. Осы марапат тек менің ғана емес, білім саласына өлшеусіз еңбек қосып келе жатқан менің барлық әріптестерімнің, барлық ұстаздардың еңбегі деп бағалаймын.
Бұл күн жас мемлекеттік қызметшілер үшін де ерекше есте қалды. Олар халық алдында салтанатты түрде ант қабылдап, елге адал қызмет етуге серт берді.
Мерекелік шара патриоттық әндерден құралған гала-концертпен жалғасты. Отанға деген сүйіспеншілікті дәріптеген әуезді әндер көпшіліктің көңілін көтеріп, көрермендер өнерпаздарға қосыла ән шырқады.