Шарын төріндегі белсенділер

Алматы облысындағы Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде «Парктер шеруі – 2026» халықаралық табиғатты қорғау акциясы қорытындыланды. Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай өткен салтанатты шарада жүзеге асқан жұмыстар сараланып, табиғатты қорғау бағытында белсенділік танытқан білім беру ұйымдарының өкілдері мен оқушыларға құрмет көрсетілді.

Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі – еліміздегі ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың бірі. Жалпы аумағы 127 мың гектардан асатын парк табиғи және тарихи мұраларды сақтаумен қатар, экологиялық ағарту жұмыстарын да жүйелі жүргізіп келеді. Биылғы «Парктер шеруі» акциясы аясында аудан көлемінде көгалдандыру, тазалық жұмыстары, экологиялық байқаулар мен танымдық кездесулер ұйымдастырылып, оған бес мыңнан астам адам қатысты.


ГҮЛМИРА НЫСАНБАЕВА     ШАРЫН МЕМЛЕКЕТТІК ҰЛТТЫҚ ТАБИҒИ ПАРКІНІҢ ДИРЕКТОРЫ

“Парктер шеруі акциясы сонау бізде АҚШ тан бастау алған, ал Қазақстанда 1995 жылдан бастап өткізіліп кележатыр. 2024 тен бастап Таза Қазақстан акциясымен бірлескен жоспар жасалынады, осы жоспарға сәйкес биылғы жылға біз 25 іс шара жоспарласақ бүгінгі күнде сол іс шаралар толықтай орындалып соны біз қорытындылап, осы іс шараға белсенді ат салысқан мектеп, оқушылар, мұғалімдер бүгінгі күнде марапаттап отырмыз”.


Парк аумағында бүгінде 900-ден астам өсімдік түрі мен жүздеген жануар мекендейді. Оның ішінде қарақұйрық, Түркістан сілеусіні, сабаншы секілді Қызыл кітапқа енген жануарлар бар. Сонымен қатар Шарын шатқалы мен әлемде сирек кездесетін соғды ерені өсетін Шарын ерен тоғайы табиғаттың бірегей нысандары саналады. Соңғы жылдары ұлттық парк аумағында экотуризмді дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Туристік бағыттар жаңартылып, визит-орталық ашылып, келушілерге қолайлы жағдайлар жасалған.


БЕКАРЫС ЕРКІНҰЛЫ   ОҚУШЫ

«Парктер шеруі аясында үлкен марапатқа ие болдым, барлықтарыңызға рахмет. Бізге мектепке келіп түрлі шаралар өткізіп, табиғатқа деген сүйіспеншілігімізді арттыруға үлкен үлес қосты. Сол үшін Шарын ұлттық паркіне көптен-көп рақмет айтамыз. Барлығыңызды табиғатты қорғауға белсене атсалысуға шақырамын».


Мамандардың айтуынша, экологиялық акцияның негізгі мақсаты – қоғамның табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру. Ал ұлттық парк ұжымы табиғатты қорғау, биоалуантүрлілікті сақтау және экологиялық туризмді дамыту бағытындағы жұмыстарды алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастырмақ.

Сондай-ақ оқыңыз: