Құм үстіндегі дода
Қонаев қаласының алтын құмында жағажай самбосынан ересектер арасындағы ел чемпионаты мәресіне жетті. Дүбірлі додаға республиканың 16 аймағынан 200-ден астам ең мықты балуан жиналып, шілдеде Филиппинде өтетін Азия чемпионатының жолдамасын сарапқа салды. Құм үстіндегі белдесулердің тактикасы мүлдем бөлек болғандықтан, балуандар алғашқы секундтан-ақ барын салып, қорғанысқа емес, тек шабуылға көшті. Әсіресе биыл бұрымдылар арасындағы бәсекелестік ерекше жоғары болып, боз кілемге шыққан қыздардың саны 70-тен асты. Жарыс қорытындысы бойынша, ең көп спортшы қосқан Алматы облысының құрамасы жалпы командалық есепте бас жүлдені иеленді. Күміс жүлде Қарағанды облысына бұйырса, үшінші орынды Алматы мен Астана қалалары өзара бөлісті. Жерлестеріміз арасынан Қарақат Рахыбай, Назерке Дәулетжан және Арайлым Әбенова чемпион атанса, ерлер арасында Ахан Ботанбай, Айбек Кәлімов пен Нұрсұлтан Нұрсейітов жүлдегерлер қатарынан көрінді. Енді отандық самбошыларды алда Филиппинде үлкен сын күтіп тұр.
АСЫЛБЕК КӘКЕНОВ
САМБО КҮРЕСІНЕН ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ
Қазақстан чемпионаты алғаш рет 2023 жылы өтті. Ал қазір екінші чемпионатты Қонаевта өткізіп жатырмыз. Негізі жағажай самбосы - тек күш қана емес, мұнда техника, жылдамдық пен мінез өте маңызды. Жыл сайын қатысушылар көбейіп, жарыстың географиясы да кеңейіп келеді, жаңадан мықты, талантты жастар шығып жатыр. Әсіресе, Алматы облысының бұл спорттың негізгі орталығына айналып келе жатқаны бізді қатты қуантады. Ел чемпионатын дәл осы Қонаевта өткізіп жатқанымыз -соның үлкен бір дәлелі.
МАРГАРИТА БАЖАЕВА
ЖАҒАЖАЙ САМБОСЫНАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ
Жалпы, Қазақстанда жағажай самбосы өте жақсы дамып келеді, өйткені байқап қарасақ, жылдан-жылға қатысушылар саны артып жатыр. Биылғы чемпионатқа еліміздің ең мықты спортшылары жиналды десем болады. Бәсеке өте жоғары, өйткені бәске тек алтын медаль ғана емес, Азия мен Әлем чемпионатына бару мүмкіндігі тігіліп тұр. Жағажай самбосы ерекше дайындықты қажет етеді. Сондықтан биыл боз кілемге шыққан қыздар мен әйелдердің саны 70-тен асқаны мені қатты қуантады.