Теңдессіз асыл тас
Халықаралық рекордтар мен ресми жетістіктер ұйымы баламасы жоқ деп таныған аса құнды изумруд Алматыда сақтаулы. Сирек кездесетін тас Қазақстанға қалай жеткізілген және қалай сақталуда? Ерекше жәдігер жайлы толығырақ тілшіміз тарқатсын.
Ғаламторда изумрудтар жайлы ақпарат жетерлік. Әйтседе бұл тас туралы тек белгілі бір мамандар ғана біледі, ал ашық дереккөздерде мәлімет өте аз, тіпті жоқ деуге болады. Себебі бұл жәдігер ұзақ уақыт бойы жеке коллекцияда сақталған. Изумрудтың түпнұсқалығы мен сипаттамасын әлемдегі ең беделді сараптама орталықтарының бірі саналатын швейцариялық зертхана растап, мамандар бұл тасты бірегей деп таныған. Оның ерекшелігі 4 келі 4 грамм болатын салмағында ғана емес, құрамының еш қоспасыз тазалығында. Мұндай көлемдегі табиғи минерал үшін бұл өте сирек кездесетін құбылыс. Өткен жылы Алматыға жеткізілген жәдігер қазір белгілі сәулетші әрі кәсіпкер Нартай Құрманқұловтың коллекциясында сақтаулы.
НАРТАЙ ҚҰРМАНҚҰЛОВ, КӘСІПКЕР, КОЛЛЕКЦИОНЕР:
«Шыны керек, бұл кездейсоқ болды. Достарым шетелде осындай тас бар екенін және оны сатып алып, Қазақстанға әкелуге мүмкіндік бар екенін айтты. Бұл ерекше әрі бірегей дүние болғандықтан, қызығушылық білдіріп, сатып алдық».
Коллекционердің өзін бұл тас ерекше пішіні және қанық жасыл түсімен қызықтырған. Нартайдың әсем әрі өзгеше дүниелерге құмар екенін білетін досы бұл тас туралы қосымша мәліметтер жинақтап, зерттеген. Шамамен 100 жыл бұрын Орал тауларынан табылған минералды кімнің және қалай тапқаны белгісіз.
РОМАН КОРШУНОВ, ДОСЫ:
«Нартайға дейін бұл тас қазақстандық коллекционердің иелігінде болған. Ал оған дейін иесі – “Марудар” атты үндістандық компания. Бұл әлемге белгілі компаниялардың бірі. Менің білуімше, оның иелері бірнеше буыннан бері осы кәсіппен айналысып келеді».
Қазір коллекционердің қолында 50-ден астам асыл және жартылай асыл тас бар. Олардың қатарында аметист, хризопраз, лазурит, халцедон, яшма және бірнеше кристалдан тұратын шағын изумруд түрлері сақталған. Алайда ең құнды жәдігері – осы алып изумруд монокристаллы. Нартайдың айтуынша, оның ерекше пішіні сәулетшіге болашақта өзгеше зәулім ғимарат жобасын жасауға шабыт берген көрінеді. Егер бұл жоба жүзеге асса, ол Қазақстанның басты көрнекті нысандарының біріне айналуы мүмкін.