ТҰҚЫМНАН ТҮЛЕГЕН ОРМАН

Алматы облысы жасылданып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ағаш отырғызып, аймақты көгелдандыру жұмыстарына аса мән  берілуде. Осы мақсатта Кеген орман шаруашылығы тұқымбағында ағаш тұқымдарын себу науқаны басталды.

Биыл шаруашылықтың 54 гектарлық тұрақты тұқымбағындағы 0,5 гектар жерге Шренк шыршасының тұқымы себіледі. Мұндай тұқымнан өсірілген көшеттер толық жетіліп, шамамен бес жылдан кейін тау бөктерлеріндегі орман алқаптарын қалпына келтіруге және елді мекендерді көгалдандыруға пайдаланылады.


АЙБОЛАТ СОЛТАНҒАЗИЕВ
КЕГЕН ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ КММ ДИРЕКТОРЫ
Былтырғы жылдан бастап облыс әкімінің қолдауымен су жүйесі жаңартылды. Сол себептен, елбасының тапсырмасы бойынша тұқымбақтарды ауқымын кеңейтуге үлкен жоспар құрып отырмыз. Қазіргі таңда, 2 миллион 506 мың гектар жердегі көшет күтіліп бапталуда. 


Алматы облысының орман шаруашылығы мекемелері биыл барлығы 1462 келі әртүрлі ағаш тұқымын жинауды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда оның 560 келісі әзірленді. Қалған тұқымдар табиғи пісіп-жетілу мерзіміне сәйкес кезеңімен дайындалады. Өңірде өсірілген көшеттерге сұраныс жоғары. Мәселен, биыл Ұйғыр ауданындағы Қарадала орман шаруашылығына 60 мыңға жуық көшет берілді. Жалпы Шренк шыршасын өсіру оңай шаруа емес. Орманшылар тұқымды арнайы өңдеуден өткізіп, көктеп шыққан жас өскіндерді күн сайын күтіп-баптайды. 


ЕРНАТ ЕҢСЕБАЕВ
КЕГЕН ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ КММ ЖАЛАҢАШ ОРМАНШЫЛЫҒЫНЫҢ ОРМАНШЫСЫ 
Бұны сепкеннен кейін торғайдан қорғаймыз. Таңғы сағат 5-тен кешкі сағат қараңғы болғанша жарық түскеннен бастап. Өйткені мұны торғай шренк шыршасының тұқымы өте дәмді болғаннан кейін көп жеп кетеді, теріп кетеді. Сондықтан таңғы сағат 4-тен кешкі қараңғы батқанша осыны торғайдан қорғайды, күтеді. Айына 4-5 күтім жұмыстары жасалады. Одан соң таңғы сағат 4 күн шықпай тұрып, күн қайтқанға дейін суғару жұмыстарын жүргізеді. 


Орманшылар табиғат тартуын аман сақтап қана қоймай, санын еселеуге күш салып келеді. Биыл Қырғыз Республикасымен көшет алмасу жұмыстары жүргізіліп, шаруашылық қырым қарағайы, кәдімгі қарағай және көгілдір шырша секілді жаңа ағаш түрлерімен толықты. Мамандар мұндай бастамалар өңірдің орман қорын байытып, болашақта жасыл желек көлемін арттыруға сеп болады дейді.

Сондай-ақ оқыңыз: