МӘМС – МІНДЕТ
Алматы облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамту жұмыстары күшейтіледі. Облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаевтың төрағалығымен өткен штаб отырысында МӘМС-тен тыс қалған тұрғындардың мәселесі қаралды.
Ресми мәлімет бойынша, өңірде сақтандырылмағандар саны жыл басынан бері 18 пайызға өсіп, 266 мыңнан асқан. Сақтандыру мәртебесі жоқ азаматтардың басым бөлігі көші-қон белсенділігі жоғары Қарасай, Еңбекшіқазақ, Талғар және Іле аудандарына тиесілі. Осыған байланысты жиында жауапты мекемелерге тиісті жұмыс алгоритмі жолданды. Басқосуда бұдан бөлек өңірдің медициналық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 14 хаттамалық тапсырманың орындалуы пысықталды. Мәселен, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 38 жаңа нысанның құрылысы аяқталып, оның 22-сі лицензия алып үлгерді. Сондай-ақ, Қаскелең қаласында түрік инвесторларымен бірлесіп 500 орындық емхана, Жібек жолы ауылында 300 орындық медициналық орталық салу жобалары іске асырылуда. Жиын соңында емдеу мекемелеріндегі қызмет сапасын бақылау үшін арнайы колл-центрлердің жұмысын күшейту тапсырылды.
ЖАНАР КЕНЖЕБАЕВА
«ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ҚОРЫ» АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Жыл басында облысымызда 225 мың сақтандырылмаған азамат болған. 2 маусымдағы жағдай бойынша олардың саны тағы 40 мың адамға артып отыр. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш халықтың шамамен 18 пайызын құрайды. Өздеріңіз білетіндей, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап Денсаулық сақтау министрлігінің бірқатар бұйрықтарына өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес Д және Е санатындағы азаматтар жеңілдік берілетін санатқа енгізіліп, қаңтар айынан бастап шартты түрде сақтандырылған болып есептелді. Алайда осыған байланысты сақтандырылмаған азаматтардың саны 40 мың адамға көбейіп отыр
ЕРЖЕН СҮЛЕЙМЕНОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
қазір МӘМС жүйесі бойынша егер де біздің Алматы облысының тұрғыны МӘМС жүйесіне тіркелмесе, өзінің жобалық медициналық-диагностикалық көмегін ала алмайды. Сондықтан егер де ол кісі біздің ерекше санаттар бар МӘМС жүйесіне кірмейтін және МӘМС жаңағы арнасынан төлемейтін, егер де ол арнасын төлемейтін санатқа кірмесе азамат, ол міндетті түрде МӘМС жүйесіне өзінің төлемін жасау керек. Бірақ жедел қызмет және онкологиялық диагностикамен емдеуі толықтай МӘМС-ке жүгінбей, МӘМС-ке қарамай, ол тегін жасалады.