72 отбасы баспаналы болды
Қарасай ауданында үй кезегінде тұрған 72 отбасы қоныс тойын тойлады. Пәтер кілті - көп балалы аналармен мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасыларға сондай ақ мүгедектігі бар азаматтарға табысталды. Толығырақ жаңа баспана иелерінің қуанышымен бөлісіп қайтқан тілшіміз Шұғыла Баймұхан әңгімелейді.
7 жыл зарыға күткен баспана кілтіне қолы жеткен жаңа пәтер иелерінің бірі Нұрила Тоқтарбайқызы. Ерекше бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана. Ол көп жылдар бойы пәтерден пәтерге көшіп қиындықта күн көріп келген. Қос перзентін бір өзі асырап отырған ана «баспаналы боласың» деген жылы хабарды естігенде сенер-сенбесімді білмедім дейді.
НҰРИЛА ЕСКЕНДІРОВА
ҚАРАСАЙ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
«Айтарға сөзім жоқ керемет. Осындай үй беріп жатыр. Маған қатты ұнады. Күшті. Жеті жыл квартира тұрдық екі баламен. Шыдадық ғой бәріне. Баламызбен жетеміз-жетеміз деп жеттік ғой осы күнге. Отбасы банк звандайды ғой сол кезде қуанғанымнан рахмет рахмет Алла разы болсын деппін ғой ана кісіге.»
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әлеуметтік осал топтағы азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары Қарасай ауданында қарқынды жүзеге асырылуда.
ЖАСҰЛАН ЕСТЕНОВ
ҚАРАСАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
« Бұл жерде енді бірінші кезекте көп балалы, содан кейін әртүрлі мүгедектігі бар, жетім балалар, жалпы кезекте тұрған адамдарға санат-санатымен бөлініп жатыр. Ауданда 6000 нан астам сондай азамат бар. Бүгін үйлер қарлығаш шағын ауданында беріліп жатыр. Екінші Елтай ауылының Елтай тұрғын үй кешенінде. Біз енді бірінші кезекте қарайтынымыз сол өңірде мектеп болу керек. Мектепте орын болу керек. Сол адамдарға жұмыс істейтін жұмыс орны болу керек. Сол ауылдарды таңдап салып отырмыз.»
Ауданда тұрғын үй құрлысы да қарқынды жүріп жатыр. Былтыр түрлі санат бойынша кезекте тұрған 200 отбасы үйлі болса, биыл 250 азамат баспаналы болады деп жоспарлануда. Бұдан бөлек жыл соңына дейін тағы 300 ге жуық пәтер сатып алу жұмыстары қолға алынды дейді жауаптылар.