Табиғатты ластамаңыз!
Алматы облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында рейдтік шаралар күшейтіледі. Аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев заңсыз қоқыс орындарын жоюды және демалыс аймақтарындағы тазалықты жіті бақылауда ұстауды тапсырды. Енді өзен-көл жағалаулары, саябақтар мен халық көп жиналатын орындарға бейнебақылау камералары орнатылып, ескерту тақтайшалары қойылады. Тәртіп бұзғандар «Заң мен тәртіп» қағидаты бойынша қатаң жауапқа тартылмақ. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, тек өткен аптаның өзінде қоғамдық орындарды ластап, абаттандыру ережесін бұзған 500-ден астам тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал жыл басынан бері салынған айыппұлдың жалпы сомасы 9 миллиард теңгеден асқан. Оның 80 пайызы өндірілді. Аймақ басшысы бұл жұмыстарға қоғамдық ұйымдар мен жастарды да тартып, түсіндірме шараларын жандандыруды жүктеді.
ЕРНАР САЙДІЛДИН
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ПД БӨЛІМ БАСШЫСЫ
«Шара барысында Алматы облысы аумағында қоғамдық орындарды ластау деректері бойынша 23 азамат, ал елді мекендердің аумағын абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін 522 азамат жауапкершілікке тартылды. Аталған құқықбұзушылықтар бойынша жалпы сомасы 194 мың 625 теңге көлемінде айыппұл салынды. Қоғамдық тәртіпті сақтау, қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру мақсатында профилактикалық жұмыстар тұрақты негізде жүргізілуде»