Тәртіп сақшылары марапатталды

23 маусым - Полиция күні. Бұл қауіп - қатері көп, жауапкершілігі зор міндет. Қылмыспен күресетін, заңсыздыққа тосқауыл, озбырлыққа қарсы қылыш бола білген полиция қызметкерлері қашан да тәртіп күзетінде. Кәсіби мерекеге орай облыс орталығында салтанатты іс-шара өтіп, заң үстемдігі мен тәртіп күзетінде жүрген жандар марапатталды. Тақырыпты Дастан Маратұлы жалғастырады.   

Салтанатты жиын тек құттықтаумен шектелген жоқ, бұл ел тыныштығын күзеткен заң сақшыларына көрсетілген шынайы құрмет болды. Тәртіп сақшыларын кәсіби мерекесімен құттықтаған аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев ішкі істер саласының жауапкершілігі жоғары екенін жеткізді. Әкім өз сөзінде өңірдегі қауіпсіздікті күшейту, құқық бұзушылықтың алдын алу және полицияның материалдық-техникалық базасын жақсарту бағытындағы жүйелі жұмыстарға тоқталды.

МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

 "Сіздерді, құқық бұзушылықтың алдын алу, қылмыспен күресу, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тәртіпті сақтау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіп келесіздер. Біз полиция қызметінің материалдық-техникалық әлеуетін нығайтуға, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және заманауи талаптарға сай жұмыс істеуіне қажетті жағдай жасауға әрқашан басты назар қоямыз"

Салтанатты жиын барысында қызметте ерекше көзге түскен қызметкерлер облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар, бірқатар тәртіп сақшысына ІІМ мен Алматы облысы Полиция департаментінің ведомстволық наградалары табысталып, кейбір мамандарға кезекті арнайы шендері берілді. Шарада ұрпақтар сабақтастығы тақырыбына да ерекше мән берілді. Жиынға Іле ауданының «Жас сақшы» әскери-патриоттық сыныбының тәрбиеленушілері де қатысып, жас патриоттарға естелік сыйлықтар табыс етілді.

ЖҰМАҒАЛИ БҮЙЕМБАЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ПД АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
Полиция болған адам бір күнде полиция бола қалмайды. Оны үйрету керек дұрыстап. Сонда аяқ нық басып, жақсы қызметкер болады. Бұрынғы көп жыл сол сол салада жұмыс істегендердің барлығы сол жұмыстарды үйретіп, бірге отырып, Ровд-да да жұмыс жасап жатыр. Нәтижесі қазір беріп жатыр.

Бүгінде облыстық ПД қызметі заманауи технологиялармен толықтырылып, «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасы аясында ауқымды цифрландыру жұмыстарын жүргізуде. Өңір жолдарында 402 автоматтандырылған кешен үзіліссіз жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары 12 дронның көмегімен бес айда 1400-ден астам құқық бұзушылықты анықтады. «CyberPol» бөлімшелерінің жұмысы арқасында облыста киберқылмыстың ашылуы 53 пайызға өсіп, ауыр қылмыстар саны 30 пайызға жуық төмендеген.

Сондай-ақ оқыңыз: