Марапаттау

Облыста мемлекеттік қызметшілер күні аталып өтті. Басты мерекелік шара Қонаев қаласындағы Бердібек Соқпақбаев саябағында ұйымдастырылды. Халықтың әл-ауқатын жақсартуға және мемлекеттік бағдарламаларды тиімді іске асыруға атсалысып жүрген үздік қызметкерлер марапатталды


Салтанатты жиынға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады. Өңір басшысы бұл сала ел дамуының басты тірегі екенін айтып, ұлттық басқару мәдениетінің тарихы Алтын Орданың мемлекеттік жүйесімен сабақтасып жатқанына тоқталды.


МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ
 АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
«Мемлекеттік қызметшінің ең үлкен марапаты жоғары шен немесе лауазым емес, ол  халықтың алғысы мен шынайы сенімі. Әрбір қабылдаған шешімдеріңіздің, әрбір жазған ресми хаттарыңыздың артында қарапайым адамдардың тағдыры, мемлекетіміздің беделі тұрғанын ешқашан ұмытпаңыздар. Сіздердің адалдықтарыңыз бен кәсібиліктеріңіз  қуатты Қазақстанның іргетасы. Ел игілігі жолындағы қажырлы да жауапты қызметтеріңіз үшін баршаңызға айрықша алғысымды білдіремін

Бүгінде облыста 4 мыңнан астам мемлекеттік қызметші бар. Олардың жартысынан көбі әйелдер болса, 40 пайызы 35 жасқа дейінгі жастар. Сонымен қатар жүйеде «Болашақ» бағдарламасы мен Мемлекеттік басқару академиясының ондаған түлегі жемісті еңбек етуде. Мерекеде озық шыққандар «Үздік мемлекеттік қызметші» және «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгілерімен марапатталды.

ГҮЛНАР ЖОРАБАЕВА
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
Алматы облысы екіге бөлінгеннен кейін Қонаевқа алғашқылардың бірі болып келіп, қызметімізге кірістік. Бүгінгі марапат менің еңбегіме берілген лайықты баға деп есептеймін. «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісінің орны бөлек. Меніңше, әрбір мемлекеттік қызметші осындай марапатқа ие болуды армандайды. Бұл адамды жігерлендіріп, кәсіби тұрғыда өсуіне ынталандырады. Облыстың өркендеу жолында өнімді еңбек етіп жүргенімді мақтан тұтамын»

Өңірде мамандарды қолдау да жүйелі. Мәселен, «Алатау жастары» бағдарламасымен жеңілдетілген ипотека беру және баспана төлемдерін қарастыру шаралары қолға алынған. Кеш соңы сахна жұлдыздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Сондай-ақ оқыңыз: