Ақпараттық карта іске қосылды
Мүгедектігі бар азаматтар үшін қолжетімді орта қалыптастыру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі.
Өйткені әлеуметтік нысандардың бәрі бірдей ерекше қажеттілігі бар адамдарға бейімделмеген. Енді еліміздегі әлеуметтік инфрақұрылым нысандары арнайы интерактивті карта арқылы бақыланады. Бұл жүйе арқылы азаматтар кез келген мекеменің мүмкіндігі шектеулі адамдарға қаншалықты қолайлы екенін алдын ала білуге мүмкіндік береді.
Қолжетімділік картасында бүгінде республика бойынша 43 мыңға жуық әлеуметтік инфрақұрылым нысаны тіркелген. Оның 30 мыңнан астамы немесе 71 пайызы мүгедектігі бар азаматтар үшін бейімделген. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 80 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Картадағы әрбір нысан арнайы талаптар бойынша бағаланып, қолжетімділік деңгейіне сәйкес санаттарға бөлінеді
АЙДЫНЖАН НАРМАТОВ
ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ РЕТТЕУ ЖӘНЕ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ
Осы бірінші шілдеден бастап жаңа Құрылыс кодексі өз күшіне енеді. Осы жаңағы тексеру мәселесі бойынша сәйкестендіру декларациясын бұрындары жергілікті атқарушы органдар тексеріп, солар қабылдайтын болса, осы бірінші шілдеден бастап енді бұл құзырет біздің департаменттерге беріледі. Сол себепті біздің мемлекеттік әлеуметтік инспекторлар жаңадан іске қосылатын немесе күрделі жөндеуден өткен объектілерге барып, олардың сәйкестігін, толықтай стандарттар мен ережелерге сәйкестігін тексереді
Биыл жол картасы аясында облыс бойынша тағы 278 әлеуметтік нысанды бейімдеу жоспарланған. Қазір аудан әкімдіктері білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт саласындағы объектілерді талапқа сай жабдықтау жұмыстарын жүргізуде. Жоспарға сәйкес, бұл нысандар жыл соңына дейін толық бейімделуі тиіс. Жалпы бүгінде облыста Жол картасына енгізілген 1440 нысанның 1119-ы толықтай бейімделген. Осылайша өңірдегі қолжетімді орта көрсеткіші 77 пайызға жетіп отыр.
ЛӘЗЗӘТ САЛЫҚОВА
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ МҮГЕДЕКТІГІ БАР АДАМДАР МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕСШІСІ
Қазір облыста қолжетімді ортаға қатысты жағдай бұрынғыдан әлдеқайда жақсарған. Жаңа салынып жатқан қоғамдық орындарда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қажеттіліктері ескеріліп келеді. Дегенмен атқарылатын жұмыс әлі де көп. Әсіресе жеке кәсіпкерлік нысандарында мәселелер кездеседі. Қуантарлығы, бүгінде мемлекеттік мекемелер біздің ұсыныстарымызды ескеріп, қолжетімді орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөліп отыр
Арнайы интерактивті карта арқылы тұрғындар өздеріне қажетті нысанның мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қаншалықты қолжетімді екенін алдын ала көре алады. Картадағы мәліметтерді аудан және қала әкімдіктері тұрақты түрде жаңартып отырады. Сонымен қатар кез келген тіркелген пайдаланушы нысанның қолжетімділігіне баға беріп, фотосуретпен пікір қалдыра алады. Осылайша тұрғындар да қолжетімді орта сапасын бақылауға атсалысады.