Тілшілер марапатталды

Бүгін Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өңірдің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін марапаттады. Кәсіби мереке – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында, үздік журналистерге арнайы төсбелгілер табысталып, Мемлекет басшысының атынан пәтер кілттері берілді.


Журналистика қоғамның айнасы, халық пен билік арасындағы алтын көпір. Жауапкершілігі ауыр, жүгі салмақты бұл салада аянбай еңбек етіп жүрген қаламгерлердің еңбегі ерен. Облыс басшысы өз сөзінде төртінші билік өкілдерінің аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына, ел бірлігі мен тұрақтылығын сақтауға қосып жатқан үлесін жоғары бағалап, алғысын білдірді.

МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Жарғақ құлағы жастыққа тимей» хабар таратып, ел игілігінің жаршысы болып жүрсіздер.  «Қалам елді түзейді» деп бекер айтылмаса керек. Сіздердің кәсіби біліктіліктеріңіз, табанды еңбектеріңіз бен азаматтық ұстанымдарыңыз қоғамның дамуына қызмет етіп келеді. Ұлт құндылықтарын дәріптеп жүрген журналистерге халық үлкен үміт артады. Осындай қасиетті де қастерлі істе қаламдарыңыз мұқалмасын!

Шара аясында жалпы саны 15 маман жоғары марапатқа ие болса, салтанатты жиынның ең үлкен сүйінші жаңалығы баспана қуанышы болды. «Өлке тынысы» мен «Алатау арайы» газеттерінің тілшілері  Президент атынан берілген жаңа пәтердің кілттерін алды. Бұл бірнеше жыл баспана тауқыметін тартқан шынайы еңбек адамдарына көрсетілген ерекше құрмет. Сондай-ақ, қаламы қарымды, ойы ұшқыр бірнеше журналист «Ерен еңбегі үшін», «Парасат» ордендерімен және «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Қатарында біздің телеарнамыздың тілшісі бар.

ҚҰРМАНЖАН ҚАСЫМЖАНҰЛЫ
«QONAEV MEDIA» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ТІЛШІСІ
Енді бұл бізге шығармашылығымзға үлкен шабыт береді. Бұл үлкен жауапкершілік. Тағыда енді талпынып өзімізге қамшы басып, осы салада өзімізге жүктелген міндетті енді бұдан да нәтижелі, бұдан да жоғары деңгейде орфндауға одан ары қарай күш саламыз. 

Журналистикаға  жүрегінде шынайы махаббаты бар жандар ғана төзе алатынын айтқан аға буын өкілі Жұмабек ағамыз  жастарға үлкен үміт артты. Саналы ғұмырының қырық жылын газетке арнаған арнаған ол,  кейінгі буынды талмай, жатпай еңбек етуге шақырды. 

ЖҰМАБЕК ТҰРДИЕВ
ЖУРНАЛИСТ, «ЕҢБЕК АРДАГЕРІ»
«Қандай мамандық болсада өзіндік қиындығы бар, журналистика мамандығының одан он есе қиындығы бар. Оған өзін жан жақтан өзін... жетілдірген, ізденісі мол, жаңағы ерінбей жалықпай сол саланың артында жүріп өзінің алға қойған мақсатын орындау жолында еңбектене білген адам ғана жетеді деп ойлаймын»

Бүгінде өңіріміздің ақпараттық кеңістігі қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда облыстық және аудандық деңгейдегі 40 басылым, заман талабына сай 30-дан астам желілік БАҚ жұмыс істеп тұр. Күн сайын миллионнан астам аймақ тұрғынын жедел ақпаратпен қамтып, облыс орталығы Қонаевтың әрбір тыныс-тіршілігін жіпке тізгендей жеткізетін «Қонаев Медиа» телеарнасының да бұл бағыттағы еңбегі бір төбе. 

Сондай-ақ оқыңыз: