Ауырмасын жүрек

Бүгін облыс орталығында заманауи, жоғары технологиялық Кардиологиялық орталық есігін айқара ашты. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында бой көтерген нысан аймақтағы емдеу сапасын жаңа деңгейге көтермек. Толығырақ тілші бейнематериалында


Жүрек ауруларын емдеп, науқастарды сауықтыратын емдеу мекемесі тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істейді. Салтанатты жиында қала басшысы бұл жобаның шаһар мен аймақ тұрғындары үшін маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол инвесторлар мен құрылысшыларға алғыс білдіріп, орталықтың мүмкіндіктеріне тоқталды.


АСХАТ БЕРДІХАНОВ
ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ 
«Бұл орталық – халықтың өмір сапасын арттыруға және жүрек-қан тамыр ауруларымен күресті күшейтуге бағытталған нық қадам. Мұнда диагностикадан бастап күрделі хирургиялық операцияларға дейін толық циклді медициналық көмек көрсету мүмкіндігі қарастырылған. Жалпы инвестициялық құны 3 миллиард теңгені құраған осынау ауқымды бастама өңірдің инвестициялық тартымдылығының айғағы. Ең бастысы, мұнда 200 медицина қызметкері үшін жаңа тұрақты жұмыс орындары ашылып отыр»

Жаңа кешен 50 төсек-орынға шақталған. Орталықтың қуаттылығы жоғары - бір тәулікте 150 адамға дейін қабылдай алады. Мұнда жүрек-қан тамырлары ауруларын нақты анықтап, емдеу үшін соңғы үлгідегі құрылғылар орнатылған. Тіпті, бұған дейін аймақта жасалмаған аса күрделі оталарды да осы жерде жасауға мүмкіндік бар.

ЕРЖАН СҮЛЕЙМЕНОВ 
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ 
Ең басты мағынасы -бұл жерде кардиологиялық бүкіл аурулардың бәріне, біріншіден, диагностика жасау,  ем жасау және стент салу, АКШ (аорта-коронарлық шунттау) операциясын жасау және қосымша нейроинсульттік ауруға шалдыққан науқастарға біріншілік және әрі қарай жобалық көмек жасау. Жылына 3 мыңнан астам операция жасайтын орталық мүмкіндігі бар. Бұл жерде заманға сай ангиограф тұр, және қосымша тағы да заманға сай жоғары технологиялық диагностика аппараттар бар, тредмил-тесттер бар, 

Жаңа емдеу мекемесі мемлекет пен жеке сектордың тиімді ынтымақтастығы арқасында бой көтерді. Құрылыс жұмыстары өткен жылдың сәуір айында басталған болатын. Енді өңірдегі кардиологиялық көмектің қолжетімділігін арта түспек.

БЕКАРЫС ЖАЛИ
ИНВЕСТОР
«Біздің осы орталықты салу себебіміз -ол жалпы Алматы облысында және де Қонаев қаласында кардиология орталығының болмауы. Жалпы салынған инвестиция көлемі 3 миллиард теңгеден асты. Және де біз тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және МӘМС шеңберінде толықтай жұмыс істеп, халыққа операциялар және медициналық көмектер толықтай тегін болуы керек» 

Орталықтың іске қосылуы өңірдегі жедел медициналық көмектің сапасын арттыруға септігін тигізбек. Айта кетейік, нысан шілде айынан бастап науқастарды қабылдай бастайды.

Сондай-ақ оқыңыз: