Конституция – азаматтардың құқықтары мен жеке меншігінің кепілі
Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген бірқатар нормалар қолданысқа енгізіледі. Олар азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды күшейтуге және жеке меншікке қол сұғылмаушылық қағидатын қамтамасыз етуге бағытталған.
Конституцияға сәйкес, меншіктің барлық түрі тең дәрежеде танылады және қорғалады. Мемлекет жеке меншікті қорғауға кепілдік береді. Жеке меншікті заңсыз иеліктен шығару немесе оған шектеу қою мәселелері тек сот тәртібімен шешіледі.
Жеке меншікті қорғаудың негізгі қағидаттары Конституция мен заңдарда бекітілген. Атап айтқанда, мемлекеттік және жеке меншік тең дәрежеде қорғалады, меншік иесінің құқықтары, оның ішінде мұрагерлік құқығы заңмен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, меншік иесі өз мүлкін қоғам игілігіне сай пайдаланып, өзге азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтірмеуге міндетті.
Конституция азаматтардың заңды түрде сатып алынған кез келген мүлікті жеке меншігінде ұстауына кепілдік береді. Бұл норма жеке меншік құқығын қорғауды күшейтіп, азаматтар мен инвесторлар үшін құқықтық кепілдіктерді нығайтуға бағытталған.
Жаңартылған конституциялық нормалардың іске асырылуы құқықтық мемлекеттің қағидаттарын одан әрі дамытуға және елдегі заң үстемдігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.