Конституция азаматтардың саяси және азаматтық құқықтарын қамтамасыз етеді

Қазақстан Республикасының Конституциясы азаматтардың саяси және азаматтық құқықтарын қорғаудың негізгі кепілі болып табылады. Негізгі заң әрбір азаматтың мемлекет өміріне қатысуына, заң алдында тең болуына және өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауына құқықтық негіз қалайды.

Конституцияға сәйкес, әрбір азамат мемлекеттік басқаруға тікелей немесе өз өкілдері арқылы қатысуға құқылы. Сондай-ақ азаматтарға сайлауға қатысу және сайлану құқығы беріледі. Бұл нормалар елдегі демократиялық қағидаттарды нығайтуға және азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуына мүмкіндік береді.

Негізгі заң бейбіт жиналыстар өткізу құқығына да кепілдік береді. Азаматтар заңда белгіленген тәртіппен бейбіт жиналыстар, митингілер мен шерулер ұйымдастырып, оларға қатыса алады.

Конституцияның басты қағидаттарының бірі – заң мен сот алдында бәрінің теңдігі. Азаматтардың шығу тегі, әлеуметтік немесе мүліктік жағдайы, нәсілі, ұлты, жынысы, тілі, дінге көзқарасы немесе өзге де мән-жайлары бойынша кемсітуге жол берілмейді.

Конституцияда бекітілген саяси және азаматтық құқықтар адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етіп, құқықтық мемлекет пен демократиялық қоғамның берік негізін қалыптастырады.

Сондай-ақ оқыңыз: