Жәрдемақы әлегі

Мемлекеттік қызметтер қолжетімді, жедел әрі ашық болуы тиіс. Бірақ, тексеріс жұмыстары заң талаптарының үнемі орындала бермейтінін көрсетті. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті бірнеше салаға жүргізілген мониторинг қорытындысын жариялады. Толығырақ тілшіміз тарқатады. 


Мамандар білім беру мекемелерінің 21 директоры заңда белгіленген мерзімнен тыс жұмыс істеп келгенін анықтады. Мұндай фактілер Конаев қаласында, сондай-ақ Балқаш және Еңбекшіқазақ аудандарында тіркелген.


ДОСБОЛ ТҰРЫСБЕКОВ 
ҚР МҚІА АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ МЕМЛЕМЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«Департамент жүргізген талдау нәтижесінде білім беру саласында, біріншіден, білім басшыларының ротация талаптарының орындалмауы басым болған. Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерінің бұзылуы және жекелеген заңбұзушылықтар анықталған.Мектеп директорларының, жаңағы, бірінші басшы ретінде 5 жылдан 10 жылға дейін рұқсат беріледі. 5 жыл өткеннен кейін қайтадан тағайындалады немесе екінші тағы да 5 жылға жұмыс істеуіне болады. 10 жылдан, общий жалпы аспау керек жұмыс істеуі бойынша»

Мемлекеттік қызмет көрсетуде мерзімді кешіктіру деректері де тыйылмай тұр. Тексерістен соң облыстың 233 тұрғынының құқығы қорғалып, заң бұзған лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Әлеуметтік қорғау саласы да сын көтермейді. Тек өткен жылдың өзінде 7 мыңнан астам адамға жүктілігі мен бала күтіміне байланысты жәрдемақы берілмеген. Ал биыл мұндай жағдай 4 мыңға жуықтады. Оған әлеуметтік аударымдардың кешігуі мен тұрғындардың ақпараттанбауы себеп.

ДӘУЛЕТ ЖАРАСБАЕВ 
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕР КӨРСЕТУ ЖӨНІНДЕГІ ВЕДОМСТВОАРАЛЫҚ КОМИССИЯ МҮШЕСІ
«Құжаттарды уақтылы қабылдамау - бұл бірінші мәселе, екіншіден, балабақша кезегіне тұру кезінде де түсініксіз себептермен бас тарту жағдайлары кездеседі. Сондай-ақ, жүктілік пен бала күтіміне байланысты жәрдемақы төлеу мәселесі де өте өзекті болып тұр. Қазіргі уақытта бұл көмекті заңсыз, яғни алаяқтық жолмен алғандар бойынша құжаттар құқық қорғау органдарына жолданды. Бірнеше қылмыстық іс қозғалды»

Атаулы әлеуметтік көмек тағайындайтын учаскелік комиссиялар да мерзімді жиі бұзады. Жалпы, департамент өткен жылы 147 тексеріс жүргізіп, 5,5 миллион теңгеден астам айыппұл салған. Ал биылғы бірінші жартыжылдықтағы 84 тексерістің өзінде айыппұл көлемі 9 миллион теңгеден асып кеткен. 

Сондай-ақ оқыңыз: