Дауылдан қиылған тағдыр

Облыста болған қатты дауылдан жол бойындағы алып терек құлап, адам қаза тауып, төрт адам ауруханаға жатқызылды. Оқыс жағдай «Есік - Қырбалтабай  - Жетіген» облыстық маңызы бар автожолының 15-шақырымында болды. Осы оқиғадан кейін жол қауіпсіздігі бойынша шұғыл шаралар қолға алынды ма? Істің мән-жәйін әріптесім Ақжан Анапия біліп қайтты. 


АҚЖАН АНАПИЯ, ТІЛШІ
«Біз қазір қайғылы жағдай тіркелген жерде тұрмыз. Бұл дәл сол алып ағаш. Екпінді жел жол жиегіндегі ағашты құлатып, ол қозғалыста болған екі жеңіл көліктің үстіне түскен. Апат салдарынан 61 жастағы азамат көз жұмып, төрт адам жарақат алды»


Зардап шеккендер Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша, зардап шеккендер мидың жабық жарақатын алып,   сүйектері  сынған. Арасында 11 жастағы бала да бар. 


ӘДІЛЕТ СӘДІБЕКОВ
ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Дәрігерлермен алғашқы тексеріс жүргізілгеннен кейін үш науқас жансақтау бөліміне ауыстырылып, емін сод жақта жалғастырды. Бір науқасымыз, 11 жасар науқасымыз облыстық балалар клиникалық ауруханасына, сол аурухана әкімшілігімен келісім арқылы ауыстырылды, бала 18 жасқа толмаған себептен. Бір науқас амбулаториялық емге жіберілді.»


Осы оқиғадан кейін жолдағы апат салдарын жойылды. Қазір көлік қозғалысы қалыпты. Жол бойында қуараған ағаштарды кесу жұмысы басталған.


АЛМАС ДАНИЯРОВ 
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ЖОЛАУШЫ КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ  БАС МАМАНЫ 
«Аудандағы облыстық маңызы бар автожол  бойында ағаштарды санитарлық кесу жұмысы күшейді. Қазір мамандар «Базаркелді ауылына кірме» автожолының 13-шақырымында жұмыс жүргізіп жатыр. Ал 27 маусымда қайғылы оқиға болған «Есік - Қырбалтабай - Жетіген» автожолының бойындағы ағаштар да бекітілген жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен кесіледі.»


Жол бойындағы күтімсіз теректерді байқамау мүмкін емес.  Әсіресе, қолайсыз ауа-райында мұндай ағаштар кез келген сәтте құлап, адам өміріне де, көлік қозғалысына да үлкен қатер тудыруы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз: