Жаңа кезең

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйлеп, елімізде Жаңа Конституцияның күшіне енетінін мәлімдеді. Мемлекеттік басқару жүйесі жаңарып, қос палаталы парламенттің орнына Құрылтай құрылады. Мақсат – ел экономикасын нығайтып, халықтың әл-ауқатын арттыру.

Президент парламенттің соңғы жылдардағы қызметіне жоғары баға берді. Ол кейінгі үш жылда 300-ден астам маңызды заң қабылданып, елдегі ауқымды реформалардың құқықтық негізі қаланғанын атап өтті. Мемлекет басшысы алдағы кезеңнің негізгі басымдықтарын да айқындады. Олардың қатарында мемлекеттік басқаруды жетілдіру, өндіріс, инвестиция, энергетикалық және көлік инфрақұрылымын жаңғырту, цифрландыру және адам капиталын нығайту бар. Білім беру, ғылым, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау салалары мемлекет үшін басым бағыт болады. Сондай-ақ, заңсыз иемденген активтерді мемлекетке қайтару есебінен әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Сөз соңында мемлекет басшысы жаңа Конституцияның күшіне енуі ел өміріндегі тарихи оқиға екенін айтып, Құрылтай сайлауын өткізу туралы Жарлыққа қол қоятынын мәлімдеді. Алдағы саяси науқанның ашық әрі әділ өтуінің маңызына тоқталып, қазақстандықтарды бірлік пен жауапкершілікке шақырды. Президент ел азаматтарын әділетті, қуатты, қауіпсіз және озық Қазақстанды бірлесіп құруға үндеді.

Сондай-ақ оқыңыз: