Конституция: отбасы, ана мен бала және ата-ана жауапкершілігі қорғалады
Қазақстан Республикасының Конституциясы отбасы институтын мемлекет тарапынан қорғауды қамтамасыз етеді. Негізгі заңда отбасы, ана мен әке және бала қоғамның басты құндылықтарының бірі ретінде айқындалған.
Конституцияға сәйкес, балаларға қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың табиғи құқығы әрі негізгі міндеті болып табылады. Бұл қағида отбасының қоғамдағы рөлін күшейтіп, бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауды қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, Негізгі заңда кәмелетке толған және еңбекке қабілетті балалардың еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасау міндеті бекітілген. Бұл норма ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, отбасылық жауапкершілікті арттыруға бағытталған.
Конституциялық қағидаттар отбасы институтын қорғауға, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге және қоғамдағы моральдық құндылықтарды нығайтуға негіз болады.