Нәсіпті дән
Аптап ыстық пен қуаңшылыққа қарамастан, биылғы орақ науқанының алғашқы нәтижелері көңіл қуантады. Алдын ала мәлімет бойынша, дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына шамамен 40 центнерді құраса, кейбір алқаптарда күздік арпадан 50 центнерден астам өнім жиналуда. Бұл туралы Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары мәлімдеді. Қазір мұнда күздік арпа мен бидайды ору науқаны жүріп жатыр. Мамандардың айтуынша, ең жоғары нәтижені елімізде шығарылған, қуаңшылыққа төзімді әрі жергілікті климатқа бейімделген сорттар көрсетуде. “Енді өнімді ысырапсыз жинап, шаруаларды сапалы тұқыммен қамтамасыз ету керек” дейді ғалымдар.
“Биыл институт мамандары шығарған күздік бидай сорттары жақсы өнім беріп жатыр. Бұл түрлер қысқа да, ыстыққа да төзімді. Сондай-ақ көктемгі ылғалды тиімді пайдаланып, қуаңшылық жағдайында да тұрақты өнім береді. Бұл бидай климаттың өзгеруіне бейімделген, құрғақшылыққа шыдамды сорттарды өсірудің қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Ол үшін жерді дұрыстап өңдеп, тұқымды уақытында сеуіп. егінді дер кезінде жинау – мол өнім алудың кепілі»