Аптап ыстық
Өңірде орнаған аптап ыстық тұрғындардың денсаулығына кері әсер етті. Соңғы үш күнде Қонаев қалалық ауруханасына 15-тен астам адам шағымданған. Әсіресе, далада жұмыс істейтін азаматтардың жағдайы қиындай түсті. Шахар тұрғындары аптаппен қалай күресті және дәрігерлер кімдерге сақ болуды ескертеді? Әріптесім Жадыра Қуанышбек баяндайды.
29 жастағы Собхон Хаитов -Тәжікстан азаматы. Екі жылдан бері жергілікті құрылыста жұмыс істейді. Аптап ыстықта далада ұзақ жүріп қалған ол бастапқыда басы айналып, әлсірегеніне аса мән бермегенімен, кейіннен жағдайы кенеттен нашарлап кеткен. Амалсыз ауруханаға жүгінуге тура келді.
СОБХОН ХАИТОВ
ҚҰРЫЛЫСШЫ
«Басқа жерлерде де жұмыс істеп едім, мұндай ыстықты бұрын-соңды көрмеппін. Үйде екі рет есімнен танып қалдым. Міне, екі күннен бері жұмысқа шыға алмай жатырмын. Қазір жағдайым жақсы, тәуірмін. Дәрігерлер укол салып берді»
Науқасқа дер кезінде көмек көрсетіліп, жағдайы тұрақталды. Дәрігерлердің айтуынша, аптап басталғалы мұндай шағымдар күрт көбейген. Себебі, Қонаевқа келген демалушылар қарапайым қауіпсіздік ережелерін ұмытып, сағаттап күн астында жүре береді. Мамандардың айтуынша жоғары температура созылмалы дерті бар азаматтар мен егде жастағы тұрғындар үшін аса қауіпті.
АЙНАШ ҚАЛИЕВА
ДӘРІГЕР-ТЕРАПЕВТ
«Біз курорттық аймақта орналасқандықтан, демалушылар өте көп келеді. Олар күн астында рұқсат етілмейтін уақытта жүріп алады, сұйықтық ішу режимін сақтамайды. Соның салдарынан созылмалы ауруы бар азаматтардың қан қысымы мен қанындағы қанты көтеріліп кетеді. Күніне шамамен 4-5 адам хабарласады. Негізінен, көмекке жүгінетіндер -сырттан келген қонақтар»
Дәрігерлер, әсіресе, күн астында еңбек ететін құрылысшылар, жол жөндеушілер мен коммуналдық сала қызметкерлеріне сақ болуды ескертеді. Күн өтуден сақтану үшін суды мол ішіп, көлеңкеде жиірек демалу, сондай-ақ ағзадағы кез келген жағымсыз өзгеріске дер кезінде мән беру қажет дейді мамандар