ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ СЕССИЯСЫ ӨТТІ
Алматы облыстық мәслихатының депутаттары аймақтың әлеуметтік жағдайын, денсаулық сақтау саласын және өзге де маңызды сұрақтарды талқыға салды.
Алқалы жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов, аудан, қала әкімдері мен жергілікті мәслихат депутаттары қатысты.
Күн тәртібіндегі негізгі тақырыптың бірі - заң бұзған көліктерді айып тұраққа қою ережесі болды. Депутаттар тұрақтардың жай-күйін, көліктің сақталу қауіпсіздігі мен айыппұл көлемін сөз етті. Халық қалаулылары ұсынылған ережелерге көңілі толмай, жүргізушілерге салынатын айыппұлдың кейде тым ауырлығын сынға алды. Содан басты нормалар мақұлданғанымен, мәселенің толық шешімі келесі отырысқа қалды. Сондай-ақ жиында азаматтардың денсаулығы да сөз болды. Яғни йод тапшылығы мәселесі. Бүгінде облыс аумағында бұл дертке шалдыққан 1500-нан астам адам тіркелген. Мәселенің өзектілігін ескерген депутаттар арнайы баяндаманы тыңдап, алдын алу шараларын талқылады. Жүйелі жұмыстардың арқасында өңірде бұл ауруға шалдығушылар саны жыл сайын 50-ден 100 адамға дейін азайып келеді.
ГҮЛНАР ЖҮНІСОВА
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Біздің ел географиялық тұрғыдан теңіз өнімдерін аз пайдаланатындықтан, бұл йод тапшылығының орнын өзіміз толтырып отыруымыз керек. Өйткені йод жетіспеушілігі ақыл-ой белсенділігінің төмендеуіне, репродуктивті денсаулықтың әлсіреуіне әкеп соқтырады. Депутаттар бұл мәселені бірнеше мәрте көтерген болатын, қазір біз бірлесе жұмыс істеп жатырмыз.
Сессия барысында депутаттар назарына елімізде «Құрметті азамат» атағын берудің жаңа ережелері де ұсынылды. Бұл ережелер аталған марапатты еліміз бойынша бірыңғай жүйеге көшіруді көздейді. Жаңа талапқа сай, енді бұл атаққа облыс, қала немесе аудан көлемінде кемінде 10 жыл еңбек өтілі бар азаматтар ғана ұсыныла алады. Сонымен қатар, мәртебелі марапат 2 жылда бір рет және тек 10 адамға ғана беріледі. Айта кетерлігі, бұл құрметке Қазақстан азаматтарымен қатар, өңірге ерекше үлес қосқан шетелдіктер де ие бола алады.
ҚУАТ БАЙҒОЖАЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Сонымен қатар сол қағидатта көзделіп отырған бір мәселе төтенше жағдайларда ерлік көрсетіп, қосымша сол құзыреті ретінде 5 адамға дейін бере алатындығы жөнінде де мәслихат депутаттары толығымен қолдады. Болашақта енді осы норматив бойынша жұмыс істейміз.
Жалпы, сессияда қаралған барлық мәселелер облыс халқының әл-ауқатын арттыру мен аймақтың мәдени-әлеуметтік өмірін дамытуға бағытталған. Халық қалаулылары әрбір сұрақты егжей-тегжейлі саралап, тиісті шешімдер қабылдады. Алдағы уақытта бұл бастамалардың орындалуы тікелей мәслихат бақылауында болмақ.