Қонаевта «Балаларды қолдау орталығында» «Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсымыз!» атты сурет байқауы өтті
Қонаевтағы «Балаларды қолдау орталығында» «Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсымыз!» атты сурет байқауы өтті. Жастар қоғам дертіне қатысты өз ойларын түрлі бояу арқылы бейнеледі. Олар адалдық пен әділдікті ту еткен мағыналы да айшықты туындыларын көрермен назарына ұсынды.
Алматы облыстық Ішкі саясат басқармасы мен «Парыз еріктілері» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен шараға 50-ге жуық бала қатысты. Жас суретшілер қоғам дертіне айналған сыбайлас жемқорлыққа деген өз көзқарастарын ақ қағаз бетіне бейнелеп жеткізді. Балалар қиялындағы бұл дерт бірінде қара түнек кейпінде көрініс тапса, енді бірінде ел болашағына шабылған балта бейнесінде сипатталған.
АРАЙЛЫМ СӘМЕТОВА
ОҚУШЫ
Мен бүгінгі байқауда көне грек аңызындағы әділдік құдайы Фемиданы бейнеледім. Осы сурет арқылы кез келген істе тазалық пен адалдық бірінші орында тұруы керек деген ойды жеткізгім келді. Бірінші орын алғаныма өте қуаныштымын, бізге сыйлықтар берді. Жемқорлық қоғамға зиянды құбылыс, сондықтан баршаны адал болуға шақырамын.
Бұл байқау балалардың «Заң мен тәртіп» қағидатын терең ұғынып, сыбайластықтың ел дамуына кесірін тигізетінін жақсы түсінетінін көрсетті. Ұйымдастырушалар айтуынша, мұндай бастамалар өскелең ұрпақты жас кезінен адалдыққа баулып, жат әдеттен аулақ болуға тәрбиелейді.
ӘДІЛЕТ АЙТҚАЗЫ
«ПАРЫЗ ЕРІКТІЛЕРІ» ЖАСТАР ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
«Балалар, жасөспірімдер арасында өткізу өте маңызды, себебі бұл сыбайлас жемқорлықты осы кішкентай кезінен бастап, бала кезінен бастап осындайға қарсы болуын қалыптастыру, олардың ой-санасында таза сананы, таза тәрбиені қалыптастырып, заң мен тәртіп қағидатын осы бала кезінен бастау керек»
«Балаларды қолдау орталығында» мұндай танымдық әрі тәрбиелік шаралар жиі ұйымдастырылады. Жастарды адалдық пен жауапкершілікке баулу ел болашағының берік кепілі.