Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев дәстүрлі тамыз конференциясының пленарлық отырысына қатысты
Бүгін Мемлекет басшысы Қасымжомарт Тоқаев дәстүрлі тамыз конференциясының пленарлық отырысына қатысты.
Жиында білім беру жүйесін дамыту, мұғалім мәртебесін көтеру, балалардың қауіпсіздігі мәселелері сөз болды. Президент білім сапасын арттыруда ұстаз еңбегінің маңызына тоқталып, педагогтерді қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты деді. Соңғы жеті жылда салаға бөлінген қаржы үш есеге артып, 6,4 триллион теңгеге жетті. Сондай-ақ 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1 120 мектеп салынған. Мемлекет басшысы әлі де шешімін күткен мәселелер бар екенін айтты. Соның бірі – педагог тапшылығы. Қазір елімізге 5 мыңнан астам мұғалім қажет. Бұған қоса, өңірлер арасындағы білім сапасының алшақтығын азайтып, ауыл мектептерін дамытып, білікті мамандар тарту керек. Президент білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні кеңінен енгізудің маңызын атап, цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалануды тапсырды. Конференцияда саналы шәкірт тәрбиелеп жүрген ұлағатты ұстаздар мемлекетттік наградалармен марапатталды.