Райымбек ауданында мұқтаж отбасылардың санын азайту жұмысы жүйелі жүргізілуде
Райымбек ауданында мұқтаж отбасылардың санын азайту жұмысы жүйелі жүргізілуде. Сарыбастау ауылының тұрғындары да бұл бастамаға үн қосып, тұрмысы төмен екі отбасыға 60 қой тарту етті.
Мұндағы басты қағида – бүгін бір отбасына қолдау көрсетілсе, келесі кезекте басқа жанұяға жәрдем жасалады. Қаражат ауыл тұрғындарының ортақ үлесімен жиналып, оған мал сатып алынады. Осылайша, қайырымдылық бір реттік шарадан жүйелі қолдауға айналып отыр. Бұл жолы екі отбасыға 30 қойдан табысталды.
ҰЛАН ШАЯРОВ
АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ
“Бұл осындай жыл сайын шаралар, берілетін қойлар жыл сайын өз жалғасын табады. Мен осы ауыл азаматтарының жақсылық жасап жатқандарына рахмет айтқым келеді. Бала шағалары аман, бағып жатқан малдары жыл сайын аман есен болып, өсіп өніп, жақсы азаматтар көп болсын! Бұл шара ақылдасып, жоспарлар жасап жатқан іс-шара. Жыл сайын жалғасын таба берсін!”
Бұл – әсіресе көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылар үшін үлкен мүмкіндік. Мал басын көбейтіп, шаруасын дөңгелету арқылы жанұялар жағдайын жақсартып, табысқа ұмтылады.
РҮСТЕМБЕК НЕСІПБАЕВ
АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ
“Осындай бастама бастап көпбалалы отбасыларға қой беріп жатыр, Алла разы болсын! Осындай ұжымдарға, ауыл тұрғындарына, ауыл азаматтарына үлкен рахмет!”
Ауыл азаматтарының айтуынша, қайырымдылық шарасы мұнымен тоқтамайды. Алдағы уақытта да мұқтаж отбасыларға қолдау көрсетіледі. Жалпы Райымбек ауданында атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны жыл сайын азайып келеді. Өткен жылдан бері ауданда атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар саны 74-тен 56-ға төмендеді.