Балаларға сапалы көмек

Балаларға көрсетілетін медициналық көмектің ауқымы кеңейіп келеді. Алматы облыстық балалар клиникалық ауруханасында заманауи диагностикалық құрылғылар жаңартылып, жаңа бөлімдер мен бейінді орталықтар іске қосылды. Былтыр 50 мыңға жуық бала медициналық көмек алып,  4 мыңнан астам операция жасалған. Мамандар телемедицина мен жоғары технологиялық көмекті одан әрі дамытуды көздейді. Ауруханадағы өзгерістер мен жаңа мүмкіндіктер туралы Аружан Мұратқызы  тарқатады. Алматы облыстық балалар клиникалық ауруханасы балаларға медициналық көмектің үшінші деңгейін көрсететін көпбейінді клиника. Ауруханада тәулік бойы жұмыс істейтін 230 төсек бар. Ал консультативтік-диагностикалық емхана бір ауысымда 250 бала қабылдай алады. Мұнда заманауи құрылғылар арқылы тексеру жүргізіліп, күрделі жағдайларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік бар.

ГҮЛШАТ ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА
ГАСТРОЭНТЕРОЛОГ ДӘРІГЕР
«Емханамызда жоғары санатты, тәжірибелі мамандар: невропатолог, гастроэнтеролог, ревматолог, офтальмолог, хирург, травматолог, онкогематолог сияқты және тағы да басқа бейінді мамандар, сонымен қатар шала туған нәрестелерді бақылау кабинеті жұмыс істейді. Емханамыздың білікті дәрігерлері шалғай аудандарымыздағы кішкентай пациенттерімізге медициналық көмекті қол жетімді ету мақсатында санация және телемедициналық мүмкіндіктерін пайдаланып отырмыз.»

Аурухана мүмкіндіктерінің кеңеюі әсіресе балалар нейрохирургиясында байқалады. Екі жыл бұрын ашылған бұл бөлім жұмысын бастағалы бері үш мыңнан астам балаға медициналық көмек көрсетіліп, бес жүзден астам операция жасалған. Дәрігерлер ми мен жұлынның туа біткен ақауларынан бастап, ауыр бас-ми жарақаттары мен бассүйек ішіндегі гематомаларға дейінгі күрделі жағдайларды емдейді. Мамандар Алматы облысының шалғай аудандарынан келген науқастарға да көмек көрсетеді. Егер баланы ауруханаға жеткізу қауіпті болса, дәрігерлер ауданға өздері барып, қажетті медициналық көмекті сол жерде көрсетеді.

РАХЫМ АХМАРОВ
НЕЙРОХИРУРГИЯ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ
«Қазір біз дәріге көнбейтін эпилепсия кезінде жүйке стимуляциясын орнату оталарын енгізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар селективті дорсальды ризотомия сияқты күрделі оталарды да жасап келеміз. Біз Алматыдағы №2 балалар қалалық клиникалық ауруханасымен, №1 ауруханамен және Астана қаласындағы Ұлттық нейрохирургия орталығымен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Қажет болған жағдайда ми ісігі бар балаларды сол орталыққа бағыттап, емдеу тактикасын бірге анықтаймыз.»

Ауруханада көрсетілетін медициналық көмектің мүмкіндігі мұнымен де шектелмейді. Облыстық балалар ауруханаларын реновациялау аясында есту және көру қабілетін қорғау, орфандық аурулар, жақ-бет хирургиясы мен тіс емдеу бағытында жаңа орталықтар ашылған. Ал заманауи диагностикалық құралдардың қатарында компьютерлік және магниттік-резонанстық томография, рентген, ультрадыбыстық, эндоскопиялық, зертханалық және функционалдық зерттеулер бар. Мұның барлығы баланың жағдайын жан-жақты бағалап, қажетті емді уақытылы бастауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыз: