Тәртіп пен қауіпсіздік
Алматы облысында қылмыс деңгейі алты пайызға төмендеген. Дегенмен қоғамдық тәртіпті сақтау мен заң бұзушылықтың алдын алу жұмысы әлі де күшейтуді қажет етеді. Қонаевта өткен облыстық комиссияның кезекті отырысында осы мәселемен бірге есірткі қылмысы мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері талқыланды. Тамыз айында есірткіге қатысты 156 құқық бұзушылық анықталды. Оның 89-ы қылмыс. Заңсыз айналымнан 11 тоннадан астам есірткі тәркіленіп, 11 жасырын зертхана анықталды. Ғаламторда есірткі сатуды насихаттайтын 900 сайт бұғатталды. Жастар арасында профилактикалық жұмыс күшейтіліп, білім мекемелерінде түсіндіру дәрістері өткізілді.
ДАСТАН ЖЕКСЕНБЕКОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ПД ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ
«Заңсыз айналымнан 11 тонна 69 кг 850 г есірткі құралдары тәркіленді. 11 есірткі зертханасының қызметі анықталды және қазіргі таңда әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша есірткі құралдарын медициналық емес, мақсатта тұтыну фактілері бойынша жыл басынан бері облыс бойынша 262 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды»
Ал сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында өңірде 51 арнайы кездесу өткізілді. Мамандар заң талаптарын түсіндірді. Сондай-ақ азаматтардың құқықтық сауатын арттыруға арналған жұмыс жүргізілді.
МАДИЯР ИСЕБАЕВ
ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Жыл басынан бері облыс көлемінде 202 сыбайлас жемқорлыққа қарсы семинар тренингтер өтті. Ол жерде мемлекет қызметшілерімен, мектеп оқушыларымен, квазимемлекеттік секторлық мекемелерімен, ақсақалдар кеңесімен, аналар кеңесімен және мәслихат депутаттарымен тұрақты түрде жұмыстар жүргізіледі. Бүгінгі таңда 13 мыңға жуық адам қамтылды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.»
Алкогольге қатысты ахуал да алаңдатарлық. Облыста ішімдікке байланысты 388 қылмыс тіркелген. Оның ішінде адам өлтірудің 30 дерегі бар. Ал алкогольді белгіленбеген уақытта сату бойынша 327 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 81 адам мәжбүрлеп емдеуге жіберілді. Бүгінде облыстағы 24 елді мекенде алкоголь сатудан толық бас тарту тәжірибесі бар. Алайда нарколог мамандар мен медициналық айықтырғыш орындарының тапшылығы әлі де өзекті.