Әскери жиын басталды
Ұйғыр ауданында аумақтық қорғаныс бригадасының әскери міндеттілерімен тактикалық-арнайы оқу-жаттығу басталды. Он күнге жоспарланған жиынға 202 әскери міндетті қатысып жатыр. Олар әскери даярлықтың негізгі бағыттары бойынша тәжірибесін жетілдіріп, түрлі тапсырмаларды орындайды. Әскери жиынның алғашқы күнінен бастап қатысушылар белгіленген тәртіпке көшіп, оқу бағдарламасына сәйкес дайындыққа кірісті. Олардың қатарында запастағы офицерлер, сержанттар мен сарбаздар бар. Жеке құрам Шонжы политехникалық колледжінің базасына орналастырылып, мұнда әскери қызметке қажетті жағдай жасалған. Ал негізгі практикалық сабақтар арнайы белгіленген орындарда ұйымдастырылуда.
ЖАНДОС ЖҰМАХАНОВ
ӘСКЕРИ БӨЛІМНІҢ РОТА КОМАНДИРІ
«Қазіргі таңда жиынымыздың мақсаты Ұйғыр ауданындағы әскери міндеттілердің 202 сарбазын жинап ол кісілермен тактикалық сабақтардан, ату дайындық сабағынан дайындықтар өткіземіз. Және ол әскери міндеттілерге біз Ұйғыр ауданының ең маңызды деген объектілерін таныстырып көрсететін боламыз және осы он күндік жиынымызда әскери міндеттілерге барлық ату дайындықтарын және диверсиялық топтардың шабуылы жасалған жағдайда олардан қорғау жөніндегі жұмыстарды жүргізетін боламыз»
Тактикалық-арнайы оқу-жаттығудың өзегінде – нақты жағдайға барынша жақындатылған практикалық тапсырмалар. Әскери міндеттілер атыс дайындығынан өтіп, күзет пен қорғаныс кезінде әрекет ету тәртібін меңгереді. Сонымен қатар оқу-жаттығу барысында бөлімшелердің үйлесімділігі пысықталып, әскери тәртіп пен қауіпсіздік талаптарының сақталуына ерекше мән берілуде.
АРМАН АМАНТАЙ
КІШІ СЕРЖАНТ
«Осыдан екі жыл бұрын 18-404 әскери бөлімінде десанттық шабуылдаушы әскерлерінде қызметімді атқардым. Және қазіргі уақытта бізде аумақтық жиынға шақырту келді сол аумақтық жиынға шақыруға келдік. Жалпы жағдай жақсы, әскери өмір және әскери әдіс-тәсілдер әрқашанда біз үшін және еліміз үшін әрқашан керек. Және кез келген Қазақстан азаматы біріншіден әскери дайындықтан өтуі әрқашан міндетті»
Жиын тек әскери даярлықпен шектелмейді. Оқу-жаттығуға қатысатын құрылымдар арасында өзара іс-қимыл алгоритмдері де сыналады. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке жауапты қызметтер, медицина және төтенше жағдайлар саласының мамандары да оқу процесіне тартылған. 23 қыркүйекке дейін жалғасатын жаттығу қорытындысында жеке құрамның дайындығы сараланып, белгіленген міндеттердің орындалуы бағаланады.