Еңбекке құрмет
Қонаевта «Еңбек күніне» арналған салтанатты іс-шара өтті. Облыс көлемінде ұйымдастырылған жиында еңбек саласындағы жетістіктер сараланып, жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретін жәрмеңке өтті. Өңір басшысы Шыңғыс Әрінов те еңбек адамын мерекесімен құттықтап, бірқатар үздік мамандарға марапат табыстады. Еңбек күніне арналған шара жұмыс жәрмеңкесінен басталды. Жұмыс берушілер өз кәсіпорындарындағы бос жұмыс орындарын таныстырып, өнімдер көрмесін ұйымдастырды. Жәрмеңкеге 28 жұмыс беруші қатысып, 350 бос жұмыс орнын ұсынылды.
ДОСЖАН СЕЙДАХМЕТОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ЕҢБЕК МОБИЛЬДІК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
« Бізде қазіргі таңда күміс жас, жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары, қысқа мерзімді кәсіптік курстар деген шаралар бар. Біз қазіргі таңда жастар практикасына 870-тен астам адам жібердік, күміс жасқа тоғыз адамды жұмысқа орналастырдық. Қысқа мерзімді қайта даярлау курстарына адамдарды жіберіп жатырмыз, жұмысқа орналастырылып жатыр»
Жыл басынан бері облыста 8 690 адам еңбекке тартылып, 11 мың тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік жасалған. Бұл ретте өңірдің еңбек нарығында жаңа жұмыс орындары көбейіп, бүгінде олардың саны 31 мыңнан асты.
ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
«Жеке кәсіп бастауға берілген мүмкіндіктердің нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж жандардың қатары былтырғы жылмен салыстырғанда 4,5 мың адамға азайды. Тұрғындарымыздың дайын жәрдемақыға қарап отырмай, өз кәсібін дөңгелетіп, адал еңбегімен табыс табуға ұмтылуы – елдегі еңбек мәдениетінің артып келе жатқанын көрсетеді»
Салтанатты жиында түрлі салада еңбек етіп жүрген 10 үздік маман облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды. Олардың қатарында ғұмырының 30 жылдан астам уақытын энергетика саласына арнаған Валерик Данахунов та бар.
ВАЛЕРИК ДАНАХУНОВ
ЭНЕРГЕТИКА САЛАСЫНЫҢ МАМАНЫ
«Білесіздер энергетика деген сұраныс өте күшті. Біздің салаға ұмтылып жатқан адамдар көп, жастар көп. Қазіргі кезде қателеспесем осы бізде аудандық электр тораптарының 90% жастар, солар болғанына өте қуаныштымын. Өйткені келешек жастардікі, жастар үйреніп біздің дамуымызға үлкен үлес қосады деп сенім бар»
Еңбек жәрмеңкесінде қала тұрғындарына жұмысқа орналасу мүмкіндіктері мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат берілді.